Жамбылдағы жарылысқа 5 жыл: қаза болған 10 құтқарушыны әріптестері еске алды
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің ұжымы бес жыл бұрын, 2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылыста қаза тапқан құтқарушылар еске алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің ұжымы қызметтік міндетін атқарып, өзгенің өмірін құтқару жолында қаза болған әріптестерінің рухына тағзым етті.
Еске алу шарасында қаза тапқан 10 қызметкерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Олар бейбіт күнде адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғау жолында қызмет атқарды. Қауіпті жағдайға қарамастан, өз міндетін соңына дейін орындаған азаматтардың ерлігі мен кәсіби борышқа адалдығы әріптестері мен ел жадында сақталады», – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, былтыр 26 тамыз күні Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, артынан жарылған болатын.
Оқиға салдарынан барлығы 17 адам қаза тапты.
Оның арасында ішкі істер органының қызметкерлері, әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, әскери прокурор бар.
Осы 17 адамның ішінде 10 құтқарушы әскери қоймадағы өртті сөндіріп жүріп көз жұмған.
2022 жылы Таразда №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында Байзақ ауданында болған төтенше жағдай кезінде қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориал салтанатты түрде ашылды.
Мемориалға Жамбыл облысы азаматтық қорғау органдары 14 қызметкерінің есімі жазылды.
Бұған дейін Қарағандыда жер қазу жұмыстары кезінде ер адам топырақ астында қалып қойғанын жаздық.