Жамбылда 2,5 мыңнан астам азаматтың зейнетақы жарнасы төленбеген

5 наурыз, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жамбылда 2,5 мыңнан астам азаматтың зейнетақы жарнасы төленбеген
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Жамбыл облысында еңбек және зейнетақы заңнамасына қатысты екі мыңнан астам адамның құқықтары бұзылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Тараз қаласының прокуратурасы 2 515 азаматтың еңбек және зейнетақы заңнамасының талаптарын сақтамау фактілерін анықтады.

Атап айтқанда, 2025 жылдың тамыз - желтоқсан айларында «Жасыл ел Тараз» ЖШС-ның 650 қызметкеріне 20 млн теңгеден астам міндетті зейнетақы жарнасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылмаған.

Сондай-ақ, Тараз қаласының білім бөліміне қарасты мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек еткен 1 895 қызметкерге қатысты заң бұзушылықтар анықталды.  Қызметкерлерге 283 млн теңге көлемінде зейнетақы жарнасы төленбеген.

«Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде жалпы сомасы 300 млн теңге зейнетақы жарналары толық көлемде өтелді. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылды», делінген хабарламада.

Еске салсақ, Астанада заңсыз ет сатқандар анықталды.