«WornerBros» қаржы пирамидасының бөлімшесін басқарушыға қатысты сот үкімі шықты
Аталған істі тергеп-тексеруді ҚМА Қызылорда облысы бойынша департаменті жүргізген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, ұйымдастырушы азаматтарды «WornerBros» платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдерді көргені үшін табыс табуға болады деген желеумен қаржы пирамидасына тартқан.
Қатысушыларға рефералдық сілтеме арқылы тіркеліп, құны 10 мың теңгеден 11 млн теңгеге дейінгі VIP-пакеттердің бірін сатып алу ұсынылған. Бұл ретте күніне 735 мың теңгеге дейін табыс түсетіні уәде етілген.
Әрбір жаңа қатысушы үшін бонус төленіп отырған, бұл азаматтарды жүйеге тұрақты түрде тартуға ынталандырған.
Схеманы насихаттау үшін WhatsApp топтары, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және үгіт-насихат кездесулері пайдаланылған.
«Тергеу барысында салымшылардың қаражатын жинақтау және аудару үшін қолданылған криптоәмияндар анықталды.Сот санкциясымен 3 млн USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ 24 жәбірленушінің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін CVK қаржы пирамидасы 1,5 мың салымшының ақшасын жинағаны туралы жаздық.