Қазақстанда 2026 жылдың тоғыз айында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері патрульдік қызмет барысында 13 мыңнан астам құқық бұзушыны ұстап, ішкі істер органдарына жеткізді. Олардың 300-і қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл мәліметтер Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында өткен әскери кеңес отырысында жарияланды. Жиын Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен министрдің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің төрағалығымен өтті.
Отырыста әскердің тоғыз айдағы қызметтік-жауынгерлік жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер белгіленді.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 2,3 мыңнан астам тапсырманы орындаған.
Сонымен қатар Ұлттық ұлан бөлімшелері бес халықаралық саяси іс-шараның, сондай-ақ шет мемлекеттер басшылары мен ресми делегациялардың 18 сапарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тыйым салынған заттарды ішке өткізудің 64 әрекетіне тосқауыл қойылған. Ал айдауылдау бөлімшелері тоғыз айда 55 мыңнан астам сотталған және қамауда отырған адамды тасымалдаған.

Әскери инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Алматы, Түркістан және Жезқазған қалаларында әскери қалашықтар, Орал, Қызылорда және Атырауда казармалар салынуда. Ұлттық ұлан академиясында да ғимараттар мен құрылыстар тұрғызылып жатыр. Бұдан бөлек, жеті нысанды күрделі жөндеуге шарттар жасалған.
Әскери кеңесте құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, жауынгерлік даярлық және әскери бөлімдерді жасақтау мәселелері де қаралды.
Жиын қорытындысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов тәрбие және профилактикалық жұмысты күшейту, жас әскери қызметшілердің бейімделуіне жағдай жасау, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери тәртіпті нығайту жөнінде тапсырмалар берді.
Сондай-ақ әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын дамыту міндеті қойылды.
Әскери кеңес қорытындысы бойынша тиісті қаулы қабылданып, орындау үшін өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдерге жолданды.
Бұған дейін астаналық жеті достың колледжден соң Ұлттық ұланда борышын бірге өтеп жүргенін жазған едік.