Референдум-2026

Темірлан Мұқатаев: Алкогольден бас тарту – өзіңнің болашағың мен денсаулығың үшін жасалатын дұрыс таңдау

Темірлан Мұқатаев: Алкогольден бас тарту – өзіңнің болашағың мен денсаулығың үшін жасалатын дұрыс таңдау
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Зиянды әдеттерден бас тарту – жауапкершілік пен саналы өмір салтын таңдаудың көрінісі. Спорт адамның мінезін шыңдап, зиянды әдеттерден аулақ болуға тәрбиелейді. Осы тақырып аясында бокстан 5 дүркін Азия чемпионы Темірлан Мұқатаев Elordainfo.kz тілшісіне жасөспірімдер арасындағы алкоголь мәселесі, спорттың маңызы және жастарға берері жөнінде кеңесімен бөлісті.

- Сіздің ойыңызша, жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына қандай факторлар әсер етеді?

– Менің ойымша, ең алдымен бұл отбасындағы тәрбиеге байланысты. Егер ата-ана баласына дұрыс бағыт-бағдар бермесе немесе тәрбиеге салғырт қараса, оның зиянды әдеттерге әуестену қаупі артады.

- Кәсіби спортшы ретінде алкогольдің ағзаға және спорттық нәтижеге тигізетін зиянын қалай түсіндірер едіңіз?

– Алкоголь ағзаға өте зиян. Ол қан айналымына кері әсер етеді, бұлшықеттердің қалпына келу процесін баяулатады, төзімділік пен жалпы спорттық көрсеткіштердің төмендеуіне себеп болады.

- Спортпен айналысу зиянды әдеттердің, соның ішінде алкогольге әуестенудің алдын алуға қалай көмектеседі?

– Менің ойымша, спорт – адамның денесі мен санасын шынықтыратын ең жақсы жолдардың бірі. Ол зиянды әдеттердің алдын алуға көмектеседі. Бірақ ең бастысы – адамның өз ерік-жігері мен ынтасы болуы керек.

- Бүгінде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда спортшылар қандай рөл атқаруы керек деп ойлайсыз?

– Спортшылар өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жастарға үлгі болуы керек. Әлеуметтік желіде де, күнделікті өмірде де дұрыс құндылықтарды насихаттап, сөзі мен ісінің үйлесімін сақтаса, бұл салауатты өмір салтын насихаттаудың ең тиімді жолдарының бірі.

- Тәжірибеңізде спорттың арқасында өмірін жақсы жаққа өзгерткен немесе зиянды әдеттерден алыс жүрген жастарды кездестірдіңіз бе?

– Иә, кездестірдім. Ондай таныстарым көп. Тіпті кейбіріне өзім де қолдау көрсетіп, дұрыс жолға түсуіне, өмірін жақсы жаққа өзгертуіне себепкер болған кездерім бар.

- Егер бір жасөспірім сізден «Неліктен алкогольден бас тарту керек?» деп сұраса, оған ең басты қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, өз өмірің мен денсаулығыңның қадірін біл деп айтар едім. Сондай-ақ, имандылықты ұстанып, Құдайдан қорқу адамды көптеген теріс әрекеттерден сақтайды. Алкогольден бас тарту – өзіңнің болашағың мен денсаулығың үшін жасалатын дұрыс таңдау.