Таза Қазақстан: Астанада Есіл өзенінің жағалауы тазартылды
Астанада Есіл өзенінің Есіл өзенінің жағалауында өткен экологиялық акция жүзден астам жастың басын қосып, қаланың ең көп жиналатын аумақтарының бірін тазартуға бағытталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Таза Қазақстан» бастамасының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында өткен шарада тек қоқыс жиналмай, сондай-ақ, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың үлгісіне айналды.
Қатысушылар арнайы учаскелерге бөлініп, жағалауды қоқыстан, түрлі тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Шара барысында тек қоқыс жиналып қана қоймай, өзен экожүйесін сақтаудың маңызы туралы ақпараттық жұмыстар да жүргізілді.



«Сарайшық ауданы бойынша бұл акциялар дәстүрлі түрде өтеді, аптасына осы 2-3 мәрте «Таза Қазақстан» акциясын өткіземіз. Ауданымызда осы жылғы экологиялық акциясының басынан бері 7 000 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 1 500-ден астам ағаш отырғызылды. Жыл соңына дейін 8 000 ағаш отырғызу жоспарда бар», – деді Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Құдайберген Шұғыла.
Жалпы, «Таза Қазақстан» науқаны – 2024 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды жоба. Бұл экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған кешенді стратегиялық бағдарлама. Ол қалалар мен саябақтарды ретке келтірумен қатар, ағаш отырғызу, су айдындарын ластанудан қорғау және қалдықтарды қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру секілді бірнеше маңызды бағытты қамтиды:
- Аумақты тазалау: қалаларды, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазарту;
- Көгалдандыру: ағаштар мен бұталар отырғызу арқылы жаңа жасыл аймақтарды құру;
- Су объектілерін тазарту: өзендердің, көлдердің және су көздерінің ластануымен күресу;
- Экологиялық тәрбие: барлық жас топтары үшін табиғатты қорғау бағытында оқу іс-әрекеттерін жүргізу;
- Қалдықтарды бөлек жинау: қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу;
- Биоәртүрлілікті сақтау: өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғау.
Бесінші аптаға ұласқан «Мөлдір бұлақ» науқаны су ресурстарын сақтауға бағытталған. Осы орайда елордадағы абаттандыру жұмысы маусым айының соңына дейін жалғасады деп күтіледі.
Сарайшық ауданында алдағы уақытта жасыл желек санын арттыру мақсатында тағы бірнеше мың көшет отырғызылмақ.
Мұндай шаралардың басты құндылығы қоғамның назарын экология мәселелеріне аударып, әрбір азаматтың өз туған жеріне деген жауапкершілігін ояту.