Елордада аға буын өкілдері мен жастардың басын қосқан «Елу жылда ел жаңа» тақырыбында ашық алаң форматындағы телекөпір-пікірталас өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Тағылымды кездесу ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, өмірлік тәжірибе мен жастардың заманауи көзқарастарын тоғыстыруға арналды.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Есіл ауданы бойынша бөлімінің «Сыр сандық» зияткерлік клубының мүшелері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шетел тілдері теориясы мен тәжірибесі кафедрасының студенттері, Жоғары медициналық колледжінің білім алушылары, сондай-ақ №97 мектеп-гимназиясының 9–10-сынып оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар «Елу жылда ел жаңа» деген халық даналығының мән-мағынасына терең үңіліп, оның тарихи, тілдік және философиялық астарын талқылады. Уақыт ағымына қарай қоғамның, мәдениеттің және өмір салтының өзгеруі, дәуір алмасуы мен жаңару үдерістері жөнінде ой қозғады. Ұлттық сөз өнері мен ауыз әдебиетіндегі тағылымды нақылдар мен ұлағатты сөздер де пікірталасқа арқау болды.

Сонымен қатар, қоғамның жаңғыруы, ел болашағындағы жастардың рөлі, сапалы білім алу, отбасылық тәрбие, ұлттық құндылықтарды сақтау және заманауи үрдістерге бейімделу мәселелері кеңінен сөз болды. Әсіресе, шетелде жүрген қазақ жастары, олардың ұлттық болмысы мен туған елмен байланысы туралы пікірлер ортаға салынды.
Жастар аға буын өкілдеріне көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өмірлік тәжірибелеріне құлақ түрді. Ал әжелер қауымы өздерінің көрген-түйгендерімен бөлісіп, бүгінгі қоғамдағы өзгерістерге қатысты ойларын жеткізді. Ашық пікір алмасу барысында әр буынның өзіндік көзқарасы мен ұстанымы көрініс тапты.
«Бүгін ұрпақтар сабақтастығы аясында тамаша тағылымды кеш өтті. Студент жастар ұлттық салт-дәстүр, шетелде жүрген қазақтар, сапалы білім алу мәселелері бойынша өз пікірлерін білдірді. Ал әжелеріміз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Кездесу нағыз ашық диалог алаңына айналды. Мұндай басқосулардың маңызы зор деп есептеймін», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Есіл ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жанар Есенаманова.

Бұл кездесу аға буынның өнегесін жастарға жеткізіп қана қоймай, жас ұрпақтың тың ойлары мен бастамаларына да жол ашты. Өйткені қоғам жаңарғанымен, ұрпақтар арасындағы сыйластық, ұлттық құндылықтар мен рухани сабақтастық ешқашан өз маңызын жоғалтпайды.