Шығын 1,3 млрд теңгеден асты: Шымкентте екі колледж бюджет қаржысын жымқыру схемасын ұйымдастырған

Шығын 1,3 млрд теңгеден асты: Шымкентте екі колледж бюджет қаржысын жымқыру схемасын ұйымдастырған
ҚМА видеосының скрині

Шымкентте екі колледж жалған құжаттармен білім беру тапсырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламасы бойынша бюджеттен қаржы алғаны анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап. 

Тергеу барысында, мемлекетке 1,3 млрд теңгеден астам шығын келгені анықталды.

Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті қазір білім саласының бюджет қаражатын жымқыру фактісін тергеп-тексеруді аяқтады. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

«2018–2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» ЖШС құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де байланысы бар тұлғалар қатысқан. Азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданған, іс жүзінде білім алмаған», делінген хабарламада.

«Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемеген және тек бюджет қаржысын алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылған.

Оқуға қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы жалған бұйрықтар рәсімделіп, оларды растау үшін электрондық цифрлық қолтаңба пайдаланылған, сондай-ақ орындалған жұмыс туралы жалған актілер жасалған.

Сондай-ақ, медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған студенттер мемлекет есебінен білім алушы ретінде рәсімделген.

«Бір қызығы, схеманы ұйымдастырушы бұған дейін жасаған жымқыру фактісі үшін соңғы үш жыл бойы бас бостандығынан айыру орындарында бола тұра, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарған», делінген хабарламада.

Сот 3 пәтерге, оның ішінде Дубай қаласындағы пәтерге, 3 тұрғын үйге және 3 автокөлікке тыйым салды.

Қазір екі күдікті қамалды, тағы үшеуі ешқайда кетпеу жөнінде қолхатпен босатылды.