Соңғы 10 күн ішінде шекарашылар 508 млн теңгеден асатын декларацияланбаған валютаны елден алып кетуге қатысты әрекеттердің жолын кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
ҰҚК Шекара қызметі 16-25 қараша аралығында өткізу пункттерінде 59 декларацияланбаған валютаны алып өтпек болған әрекетті анықтады.
«Атап айтқанда, 18 қарашада Ақтөбе облысындағы шекарада қазақстандықтың көлігінің жүксалғышынан 4 441 500 рубль (шамамен 23 млн теңге) мөлшерінде ақша табылды. Сондай-ақ 23 қарашада «Қордай» өткізу пунктінде 200 мың доллар (шамамен 91 млн теңге) жасырын түрде алып өтпек болған шетелдік анықталды», делінген хабарламада.
Аталған фактілер бойынша материалдар процестік шешім қабылдауы үшін құзыретті органдарға берілді.
Шекара қызметі республика аумағынан тыс жерлерге заңнамада белгіленген сомадан (10 мың доллардан аспайтын) жоғары қолма-қол ақша қаражатын әкетуге тыйым салынғанын еске салады.
Еске салсақ, таяуда шекараны заңсыз кесіп өтпек болған төрт шетелдік ұсталды.



