Семсерлесуден Қазақстан құрамасы үздік үштікке енді
Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір медальмен толықты. Бұл жолы ел намысын қорғаған қылышшылар командалық жарыста қола жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Құрлық біріншілігі барысында қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетіп, ширек финалда Иран құрамасын 45:33 есебімен жеңді. Одан кейін Өзбекстан командасымен өткен тартысты кездесуде 45:43 есебімен басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.
Алайда финал жолдамасы сарапқа салынған кездесуде Қазақстан құрамасы Олимпиада чемпиондары атанған Оңтүстік Корея спортшыларына 34:45 есебімен есе жіберді. Осылайша отандастарымыз жарысты үшінші орынмен аяқтап, Азия чемпионатының қола медалін еншіледі.
Қазақстан құрамасының сапында Артем Саркисян, Жанат Нәбиев, Нұрмұхаммед Жайлыбай және Назарбай Саттархан өнер көрсетті.