Қостанай облысының Қарабалық ауданында болған бұл оқиға – ерлік пен адамдықтың жарқын үлгісі. Бір қарағанда, әдеттегі жексенбі күні. Бірақ дәл сол күні болған сәттер бір отбасының, бәлкім, бүкіл ауданның есінде ұзақ сақталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
5 қазан күні түстен кейін шамамен сағат 16:00-де шекара қызметінің подполковнигі, Қостанай облысы бойынша Шекара Қызметі департаментінің әскери қызметшісі Мадияр Болатбекұлы Ертілеуов отбасымен бірге демалыс күнін өткізген. Қонаққа келген қайын атасы Мурат Шамбилұлы Даулетбаевты аудан орталығымен таныстыру үшін бәрі бірге көлікпен серуенге шыққан. Кенет көше бойында балалардың үрейлі дауысы естілді. Бір топ бала қолдарын бұлғап, айқайлап жүгіріп келді:
– Құрбымыз құлап кетті! Құдыққа түсіп кетті!

Мадияр Болатбекұлы тежегішті басып, көлікті тоқтатты. Бірнеше секундтан кейін ол оқиғаның мәнісін түсінді — жол жиегінде ашық жатқан канализациялық септик, ал ішінде көзге әрең көрінетін су мен қозғалыс.
– Сол сәтте бәрі автоматты түрде болды, – дейді шекарашы. – Қайын атам бірінші болып жүгіріп барды. Мен көліктің артын айналып, оның белінен ұстап, төмен еңкейіп көмектестім. Бірінші рет ұстай алмады, бірақ екінші әрекетінде қыз баланы киімінен іліп алып, жоғары тартты.
Бала судан шыққанда ес-түссіз еді. Мадияр Болатбекұлы ойланбастан, алғашқы медициналық көмек көрсете бастайды: тыныс жолдарын тазалап, жасанды тыныс пен жүрекке жанама массаж жасайды. Бірнеше секундтан соң, кішкентай кеуде дір ете түсіп, тыныс пайда болды.
– Ол дем ала бастағанда, барлығымыздың бойымыздан ауыр тас түскендей болды, – дейді подполковник. – Бір сәт кешіксек, бәрі басқаша болар ма еді… Бірақ Алла сақтады.

Қыздың үстіндегі су киім дереу шешіліп, жылы заттармен орап, жедел жәрдем шақырылды. Дәрігерлер келіп, кішкентай қызды ауруханаға жеткізді. Қуанышқа орай, оның өміріне қауіп төнбеді. Бірнеше күннен кейін қыз бала үйіне аман-есен оралды.
– Бұл бәрі бір-екі минуттың ішінде болды. Ондай сәтте ойланып тұруға уақыт жоқ — тек әрекет ету керек. Ең бастысы – бала аман. Еңбегіміздің ең үлкен сыйы да – осы, – дейді Мадияр Болатбекұлы сабырлы да қарапайым үнмен.
Шекарашының борышы – тек шекара күзету емес. Бұл оқиға – батылдық пен адамгершіліктің тоғысы. Күнделікті өмірде де шекарашының жүрегі сергек, әрекеті нық болатынына
тағы бір дәлел.
Мадияр Болатбекұлы мен Мурат Шамбилұлының қырағылығы мен шалт шешімі арқасында бір бейкүнә баланың өмірі сақталды. Олар өз борышын орындау үшін емес, адамдық парызды сезінгені үшін әрекет етті.
Ерлік – формада емес, жүректе. Осы жүрек – сол күні бір баланың өмірін сақтап қалды.
Қостанай облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің баспасөз қызметі,
әскери журналист, аға лейтенант Сәкен Нұрасыл Мэлсұлы