Қазақстанға тыйым салынған биологиялық белсенді қоспаны жеткізуші арнаның жолы кесілді

Бүгін, 15:21
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстанға тыйым салынған биологиялық белсенді қоспаны жеткізуші арнаның жолы кесілді
Фото: Видеодан скриншот/ІІМ

Қазақстанда күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы және дәрі-дәрмектерді рецептсіз шығару бойынша 31 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Есірткі, прекурсорлар, психотроптық және күшті әсер ететін заттардың заңды айналымын бақылау мақсатында 15-19 маусым аралығында ел аумағында Дәрмек жедел-профилактикалық іс-шарасының кезекті кезеңі өткізілді.

Тексерумен есірткі және прекурсорлардың заңды айналымымен айналысатын 1 мыңнан астам заңды тұлға қамтылды, оның ішінде 876 дәріхана, 278 аурухана мен емхана, сондай-ақ 203 өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Операция барысында 21-і күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы фактісі бойынша және 10-ы жеке дәріханалардың фармацевттеріне қатысты дәрілік препараттарды рецептсіз сату фактісі бойынша 31 қылмыстық іс қозғалды. 

Өнеркәсіп саласында 4,6 мың тонна әртүрлі прекурсорлардың айналымы шектеліп, 86 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Медицина саласында құрамында есірткісі бар 22 мың дәрілік препараттардың айналымы шектеліп, 120 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Мәселен, Астана қаласында құрамында есірткісі бар препараттардың заңсыз айналымы үшін фитнес клубтарда жаттықтырушы болып жұмыс істейтін 2 астана тұрғыны ұсталды.

Өскемен қаласында Wildberries маркетплейсімен өзара іс-қимыл жасау барысында елге тыйым салынған сибутрамин заты бар салмақ түсіретін биологиялық белсенді қоспаны жеткізу арнасы тоқтатылды.

Алматы қаласында күшті әсер ететін дәрілік заттарды рецептсіз сатқаны үшін жеке дәріханалардың фармацевттері ұсталып, 3,3 мыңнан астам осындай дәрілер тәркіленіп, қылмыстық істер қозғалды.

Еске салайық, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін ҚР  ҚК-нің 301-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік енгізілді, санкция бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

 

Еске салайық, бұдан бұрын психологтарға психикаға белсенді әсер ететін заттарды және әдістерді қолдануға тыйым салынатыны туралы жаздық.