14 елдің өкілдері мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект қолдану бойынша тәжірибе алмасты

10 қазан, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
14 елдің өкілдері мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект қолдану бойынша тәжірибе алмасты
Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

14 елден 60-тан астам мемлекеттік қызметші, практик мамандар және БҰҰДБ өкілдері технологиялар қарқынды даму жағдайында жасанды интеллектті қоғам мүддесіне сай тиімді басқару жолдарын талқылады. Ыстанбұлда «ЖИ-ді басқару тәжірибесі» атты өңіраралық конференция өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

 Конференцияны Астана мемлекеттік қызмет хабы (ACSH), Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Корея Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS) мен Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі (NIA) БҰҰДБ-ның Ыстанбұл өңірлік хабының қолдауымен ұйымдастырды.

БҰҰ Даму Бағдарламасы Ыстанбұл өңірлік хабы басшысы Стелиана Недера өз сөзінде жасады интеллект енгізу қарқынының әркелкілігіне назар аудартты. Мемлекеттер арасында да, цифрлық біліктілік деңгейлері әртүрлі адамдар арасында да цифрлық алшақтықтың ұлғаю қаупін айта отырып, инновацияларды қолдау мен жасанды интеллектіні тиісті жолмен реттеу арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңыздылығана тоқталды.

Түркия Республикасы Президенті жанындағы киберқауіпсіздік басқармасы ЖИ жөніндегі бас директоры Осман Гази Гючлютюрк қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әрі адам шешім қабылдау құқығын өзінде сақтайтын, практикалық, қолжетімді әрі экономикалық тұрғыдан ұтымды ЖИ басқару тәсілдерін дамытуға шақырды.

Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі Мемлекеттік басқарудағы ЖИ бюросының бас директоры Донг Су Чанг «Үкіметтің ЖИ зертханасы» туралы айтты. Онда мемлекеттік қызметшілер өз жұмыстарындағы мәселелерді өздері анықтап, шешімдері ЖИ арқылы сынап көріп, прототиптер әзірлейді. Оның айтуынша, технологиялар мемлекеттік органдар жұмысын қызметкерлер оларды дұрыс қолдана алғанда ғана өзгерте алады. Сондықтан Корея ортақ ЖИ инфрақұрылымы мен мемлекеттік сервистерді дамытумен қатар, мемлекеттік қызметшілердің біліктіліктерін нығайтуға ерекше көңіл бөледі.

Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Бәйменов әлемнің адам мен ЖИ қатар өмір сүретін дәуірге қадам басқанын, ал жүйелер дербестігі артқан сайын жауапкершіліктің жаңа деңгейі мен адам тарапынан пәрменді бақылау талап етілетіндігін атап өтті. Ол жасанды интеллект қоғамдық мүддеге қызмет етіп, адам құқығын қорғап әрі қоғамға пайда әкелуі үшін институттарды нығайтып, біліктіліктерді дамыту және қорғау механизмдерін жасау маңызын атап өтті.

Бәйменов жаңа технологияларға неғұрлым тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, теңсіздіктің ұлғаюының алдын алатын, елдерге ортақ міндеттерді бірлесе шешуге көмектесетін халықаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударды. Ол мысал ретінде Корея Республикасы қаржыландыратын бірлескен өңіраралық бастаманы тілге тиек етті. 2021 жылы іске қосылғаннан бері бастамаға қатысушы елдер саны 7-ден 12-ге дейін өскен, оқыту іс-шаралары 500-ден астам мемлекеттік қызметші мен практик маманды қамтыған.

Іс-шара барысында қатысушылар Кореяның жасанды интеллект саласындағы озық тәжірибесімен – оны қолданудың құқықтық негіздерінен бастап мемлекеттік қызметтерде пайдалануға дейінгі шешімдермен, сондай-ақ цифрлық идентификация мен кибер тұрақтылықты нығайту тәжірибесімен танысты. Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірінің 12 қатысушы елінен келген өкілдер өз шешімдері, жетістіктері және оларды енгізу кезінде кездесетін қиындықтары туралы ой бөлісті.

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өкілі Аружан Сарыева мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан ЖИ дамытуға көшу тәжірибесін ұсынып, мемлекет көрсететін қызметтер 92%-ы толық цифрландырылғанын атап өтті. Басымдықтардың бірі – 5 жыл ішінде миллион азаматқа ЖИ қолдану дағдыларын үйрету. Баяндамада Цифрлық кодекс пен ЖИ туралы жеке заңның қабылдануы, ұлттық суперкомпьютерлердің іске қосылуы және Астанада білім беру, зерттеу мен стартаптарды қолдауды біріктіретін alem.ai халықаралық орталығының ашылуы да атап өтілді.

Конференция ЖИ басқару саласында халықаралық тәжірибе мен практикалық құралдар бойынша тәжірибе алмасу алаңына айналды. Қатысушылар ЖИ қолдануда қоғам қажеттіліктерін ескеру және есеп беру мәселелеріне ерекше назар аударды. Интерактивті сессияда олар ЖИ агенттерінің мемлекеттік басқаруда қай бағыттарда пайдалы болатынын және өз елдерінде оларды қолдануды неден бастауға болатынын талқылады.

Анықтама

Конференция Корея Республикасы Үкіметі қаржыландыратын, Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS) мен Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі (NIA) арқылы қолдау көрсетілетін өңіраралық жоба аясында өтті. Жобаны Қазақстандағы БҰҰДБ Астана мемлекеттік қызмет хабының әлеуетін пайдалана отырып жүзеге асырады. Жоба Орталық Азияның (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан), Кавказдың (Армения, Әзербайжан және Грузия) және Азия-Тынық мұхиты өңірінің (Бангладеш, Камбоджа, Лаос, Моңғолия және Филиппин) 12 еліндегі мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін дамытуға бағытталған. Жоба аясында қатысушы елдердегі цифрлық трансформация мен цифрлық мемлекеттік басқаруды дамытуға ықпал ету мақсатында семинарлар, зерттеулер және Корея Республикасына оқу сапарлары ұйымдастырылады.