Елімізде «Цифрлық Жібек жолын» дамыту бойынша келісім жасалды

Бүгін, 10:51
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде «Цифрлық Жібек жолын» дамыту бойынша келісім жасалды
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Қазақтелеком» АҚ, Баладжи Шринивасанның Network School жобасы және Шервин Пишевардың Sofreh Capital, Edison және Alpha компанияларымен бірлескен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Меморандум Қазақстанда есептеу қуаттарын, халықаралық капиталды, инженерлік құзыреттер мен өнеркәсіптік базаны біріктіретін экожүйе қалыптастыруды көздейді. Серіктестіктің мақсаты - қазақстандық және халықаралық командаларға технологиялар әзірлеуге, өндіріс іске қосуға және жаһандық нарыққа бағытталған компаниялар құруға мүмкіндік беретін жағдай жасау.

Меморандумға қол қою алдында Шервин Пишевар AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында мәлімдеме жасады. THE NEW ECONOMY: POWERED BY AI сессиясында сөз сөйлеген инвестор Қазақстанда кеңселер ашып, компаниясын осында көшіру және елдің дамуына инвестиция салу ниеті туралы айтты. Қазақстанның артықшылықтары ретінде ол инженерлік кадрларды, инновацияларға мемлекеттік қолдауды, өнеркәсіптік және ресурстық базаны атап өтті. Ал Higgsfield жетістігін Қазақстанның технологиялық әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалуының мысалы ретінде келтірді.

Серіктестік Қазақстанның Network School жобасымен басталған ынтымақтастығын жалғастырады. Баладжи Шринивасанның Network School жобасы Қазақстанда жұмысын бастады. Бастаманың іске қосылуымен бірге елге оның командасы мен халықаралық технологиялық қауымдастықтың 240-тан астам өкілі келді.

Меморандумның негізгі инфрақұрылымдық бағыты - Digital Silk Road «Цифрлық Жібек жолы» жобасы.

Меморандум Қазақстанда жаңа технологиялық салаларды дамытуға және қазірдің өзінде іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды бірыңғай экожүйеге біріктіруге негіз қалыптастырады. Бұл есептеу қуаттары мен дата-орталықтар, телекоммуникациялық және ғарыштық инфрақұрылым, робототехника және Physical AI, жаңа энергетикалық шешімдер, стратегиялық маңызды материалдар және халықаралық технологиялық капиталды тарту бағыттарын қамтиды. Бұл бағыттар Қазақстанда жаһандық нарыққа арналған өнімдер мен технологияларды жасауға қабілетті жаңа экономиканың элементтері ретінде қарастырылады.

«Қазақстанның технологиялық державалардың біріне айналуы үшін қажетті ресурстары, құзыреттері және ауқымды жобалары бар. Осы мақсатта Мемлекет басшысы қаржылық, инфрақұрылымдық және кадрлық ресурстарды мақсатты түрде бөле отырып, жаңа экономиканы дамытуды жалпыұлттық басымдық ретінде айқындады. Бүгінде біз «Дата-орталықтар алқабы», Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі сияқты ірі жобаларды ілгерілетіп, ғарыш саласын дамытып, жаңа технологиялық өндірістерге негіз қалыптастырып жатырмыз.

Негізгі бағыттардың бірі - ЖИ-токендер экономикасы. Бұл модельде біздің энергетикалық ресурстарымыз есептеу қуатына, ал есептеу қуаты әлемдік нарыққа арналған жасанды интеллект қызметтеріне айналады. Біз ЖИ-токендерді болашақтағы «интеллектке қол жеткізу валютасы» ретінде қарастырамыз. Қазақстан өзінің энергетикалық әлеуеті негізінде жоғары қосылған құн қалыптастыра отырып, осы жаңа цифрлық ресурстың ірі өндірушісі әрі экспорттаушысы бола алады.

Тағы бір стратегиялық бағыт - Physical AI, яғни нақты әлемде роботтарды, жабдықтар мен автономды жүйелерді басқаратын жасанды интеллект. Тау-кен өнеркәсібі, металлургия және басқа да өндірістер бізге бәсекелестік артықшылық береді. Бұл - өнеркәсіптік деректер мен нақты өндірістік алаңдар. Олардың негізінде біз жетекші технологиялық компаниялармен бірлесіп, салалық ЖИ-модельдерін жасап, бұл шешімдерді жаһандық нарыққа шығара аламыз.

Жаңа мүмкіндіктер ғарыш технологиялары мен коммерциялық ұшырулар, жартылай өткізгіштер мен батареяларға арналған критикалық минералдарды өңдеу, криптоиндустрия, пилотсыз көлік және төмен биіктіктер экономикасы бағыттарында да ашылып отыр. Алатау қаласы мен IT-таланттардың халықаралық экожүйесі кәсіпкерлерді, инженерлер мен капиталды тартатын орталықтарға айналып, осы салалардың дамуын қамтамасыз етуі тиіс.

Осы бағыттарды біріктіре отырып, біз Digital Silk Road - «Цифрлық Жібек жолын» қалыптастыра аламыз. Ол арқылы Қазақстан әлемдік нарықтарға есептеу қуатын, технологиялар мен интеллектуалдық өнімдерді ұсынады. Бұл стратегияны іске асыру құралы негізгі жобаларды біріктіріп, ірі капитал тарта алатын және әлемдік технологиялық көшбасшылармен бірлескен кәсіпорындар құратын халықаралық технологиялық ЖИ-холдинг болуы мүмкін. Біздің мақсатымыз - осы негізде капиталдандыру көлемі 100 млрд доллардан асатын, Қазақстанның технологиялық позициясын нығайтып, елдің ұзақ мерзімді әл-ауқатының жаңа көздерін қалыптастыратын жаһандық бизнес құру», - деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты - ЖИ-индустриясы мен озық технологиялар үшін сенімді жеткізу тізбектерін дамыту. Тараптар автоматтандыру, робототехника және Physical AI, ғарыш саласы, кванттық есептеулер, энергетика және критикалық материалдар секторына инвестиция тартуға ықпал етуді көздейді.

Жаңа бағыттарға мамандар даярлау Network School қатысуымен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Бұл тәсілдің негізінде технологиялық компанияларға қажетті практикалық құзыреттер, қазақстандық университеттермен және зерттеу ұйымдарымен өзара іс-қимыл, сондай-ақ әзірлемелерді коммерцияландыруға қолдау көрсету жатыр.

«Шервин Пишевар Uber, Airbnb, Slack, Instacart және DoorDash компанияларын қоса алғанда, ондаған «единорог» компанияға инвестиция салған. Ол Digital Silk Road бірлескен кәсіпорнын, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі басқа да компанияларды дамытуға қолдау көрсету үшін Қазақстанда Sofreh Capital компаниясын құрып жатыр. Біз онымен және Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, қажетті мамандарды Қазақстаннан және әлемнің басқа елдерінен тартуға және даярлауға атсалысамыз», - деді Network School (ns.com) негізін қалаушы Баладжи Шринивасан.

Ынтымақтастық аясында серіктестер кәсіпкерлерге компанияларды тікелей Қазақстанда іске қосуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құруды да жоспарлап отыр. Шервин Пишевар Баладжи Шринивасанмен бірлесіп, елге 10 мыңға дейін жаңа кәсіпкер тартуға және оларға компания құру үшін қажетті инфрақұрылым ұсынуға ниетті екенін мәлімдеді.

«Қазақстанда жасанды интеллект дәуірінің көшбасшыларының біріне айналу үшін қажеттінің бәрі бар: әлемдік деңгейдегі адами капитал, жоғары білімді кадрлар, бай табиғи ресурстар, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы жобаларды жасауға мүмкіндік беретін көшбасшылық, амбиция, дамуға деген ұмтылыс пен мәдениет.

Серіктестерімізбен бірге біз Digital Silk Road жобасын іске қосамыз. Бұл - жасанды интеллект үшін есептеу қуатын, энергетикалық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды біріктіріп, дата-орталықтарды, ғарыштық дата-орталықтарды, спутниктер мен Транскаспий талшықты-оптикалық желісін байланыстыратын Еуразиядағы жетекші ЖИ-инфрақұрылымдық компанияны құру жөніндегі бірлескен жоба.

Біз Қазақстанда автоматтандыру, робототехника, physical intelligence, атом энергетикасы, ғарыш, кванттық есептеулер және стратегиялық маңызды материалдар сияқты бағыттарда озық технологияларды дамытамыз. Жаңа экономиканың тігінен интеграцияланған инфрақұрылымын қалыптастыруды жоспарлап отырмыз: Жердегі және орбитадағы ЖИ-дата-орталықтар, ғарыштық ұшырулар мен спутниктер өндірісі, сондай-ақ шағын модульдік және микроядролық реакторлардан бастап кванттық есептеулерге дейінгі болашақтың энергетикалық және есептеу технологиялары.

Біз сондай-ақ жаһандық компаниялардың дәл осы жерде, Қазақстанда құрылып, дамуына мүмкіндік беру үшін қазақстандық венчурлық қор мен венчурлық студияларды іске қосамыз. Ал Баладжи Шринивасан және Network School-мен бірге Қазақстанға 10 мың кәсіпкер тартуды және оларға келесі Higgsfield - дәл осы жерде құрылған жасанды интеллект саласындағы әлемдік деңгейдегі технологиялық компанияны құру үшін қажетті барлық мүмкіндікті ұсынуды көздейміз. Қазақстан үшін енді аспан да шек емес. Алда - жұлдыздар», - деді Шервин Пишевар.

Қол қойылғаннан кейін 100 күн ішінде тараптар ынтымақтастықты іске асыру жоспарын келісуді көздеп отыр.

Меморандум рамалық сипатқа ие. Нақты жобалар, инвестиция көлемі және тараптардың қатысу шарттары жеке келісімдер арқылы айқындалатын болады.

Еске салсақ, елімізде медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) жүзбе-жүз өту үшін электронды кезек енгізілуде.