Көлік вице-министрі Астана-1 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты

10 қазан, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Көлік вице-министрі Астана-1 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты
Фото: Көлік министрлігі

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астана-1 теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, жобаның іске асырылу қарқынын тексерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жұмыс сапары барысында мердігер ұйымның өкілдері құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу барысы, бекітілген кестенің сақталуы және қайта жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Жаңғыртылып жатқан нысанның жалпы ауданы 8 409 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта ғимарат қаңқасын тұрғызу және шатырын орнату бойынша негізгі жұмыстар аяқталған. Ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, сондай-ақ электрмен жабдықтау, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және су бұруды қоса алғанда, инженерлік коммуникациялар мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін монтаждау жалғасуда. Сонымен қатар жолаушылар перроны мен конкорстық өткелдің құрылысы жүргізіліп, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары қатар атқарылуда.

Тексеру қорытындысы бойынша Жәнібек Тайжанов мердігер ұйымға құрылыс қарқынын қамтамасыз етуді, орындалып жатқан жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді және бекітілген кестеге сәйкес қайта жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Астана-1 вокзалын қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілуде.

Жұмыстар аяқталғаннан кейін вокзал заманауи жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділік талаптарына сай келетін жаңартылған инфрақұрылымға ие болады. Жобаны іске асыру жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға және елордадағы маңызды теміржол нысандарының бірінде қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.