Астанадағы бұқаралық жүгіріске қала тұрғыны қазақ тазысымен бірге қатысты

Астанадағы бұқаралық жүгіріске қала тұрғыны қазақ тазысымен бірге қатысты
Фото: Қанат Байұзақов

Бүгін «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Триатлон саябағында жазғы маусымның қорытынды жүгірісі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

6,2 шақырым қашықтықты құрайтын жүгірісте Nomad ұлттық аңшылық клубының белді мүшесі Абзал Досыман атты қатысушы өзінің тазысымен бірге қатысып, көпшілік назарын аударды.

«Қазақ тазысын өсіріп, баптаумен ғана шектелмей, оны мемлекеттік және халықаралық деңгейде насихаттауға атсалысып жүрміз. Бүгінгі жүгіріске тазыны ертіп келу арқылы ұлттық тұқымды кеңінен танытуды мақсат еттім. Бүгінде қазақ тазысының тарихы 3 мың жылға созылатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Ашаршылық жылдары бір тазы тұтас бір ауылды асырауға қауқарлы болған. Қазіргі күнге дейін құрметті қонақтарға тазы сыйлау дәстүрі сақталған. Еліміздің Президенті де осы дәстүрді жалғастырып, қадірлі меймандарға қазақ тазысын сыйға тартып келеді. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеп, халықты бұқаралық спортпен айналысуға шақыруды көздедім», - деді Nomad ұлттық аңшылық клубының белді мүшесі Абзал Досыман.

Абзал Досыман мен оның тазысы 6,2 шақырымдық қашықтықты 30 минутта жүгіріп өтті.

Қатысушының айтуынша, тазының жылдамдығы жүгіру барысында оған да қарқынын арттыруға көмектескен.

«Бұған дейін тазымен бұқаралық жүгіріске қатысты дегенді естімеппін. Сондықтан мен үшін тарихи күн десем болады. Өздеріңіз білетіндей, тазының қалыпты жылдамдығы сағатына 12-15 шақырымды  құрайды. Ал аң аулаған сәтте белсенділігін 80 шақырым жылдамдыққа дейін арттыра алады. Сондықтан бүгінгі жүгірісте тазы кей жерлерде тез жүгіріп, менің де жылдам жүгіруіме көмектесті. Тазыға бой түзесек, жылдамдығымыз артпаса кемімейді деп ойлаймын», - деді Абзал Досыман.

Айта кетейік, Абзал Досыман 20 жылға жуық уақыттан бері қазақ тазыларын асырап, баптап келеді. Қазір оның қолында 20-ға жуық тазы бар.

Бұған дейін елордада жазғы маусымның қорытынды жүгірісіне 2 мыңға жуық адам қатысқанын жаздық.