Елордада жазғы маусымның қорытынды жүгірісіне 2 мыңға жуық адам қатысты

Елордада жазғы маусымның қорытынды жүгірісіне 2 мыңға жуық адам қатысты
Фото: Қанат Байұзақов

Бүгін «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында Триатлон саябағында жазғы маусымның қорытынды жүгірісі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Таңғы сағат 09:00-де басталған жарыс барысында қатысушылар 6,2 шақырым қашықтықты еңсерді. Бұқаралық шараның басты мақсаты – тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу және спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру.

«Жазғы маусымның ашылуынан бері 9 бұқаралық жүгірісін ұйымдастырыппыз. Көктемнен бері қаламызда жүгіруге ыңғайлы Ботаникалық бақ, Триатлон саябағы, Рыскелді қажы мешіті жанындағы жүгіру маршруты сынды бағыттарды қамтыдық. Осы аралықта біз басты бір жүйеге тоқталдық. Енді жүгіріске қатысқысы келетін жандар тек қана алдын ала онлайн түрде тіркеле алады. Осының арқасында біз біріншіден, нақты адам санын анықтасақ, екіншіден, жүгірісте барлығына медаль жеткізу, жүгіру барысында трассаның ыңғайлы болуына жағдай жасаймыз. Жазғы маусым аяқталғанымен, алдағы уақытқа жоспарлаған шарамыз жеткілікті. Енді бір аптада 25 шақырымды еңсеру секілді онлайн жүгірісті өткізсек дейміз», - деді Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Айта кетейік, бұқаралық жүгіріске қатысу тегін. Бұл жолы жеңімпаздар анықталған жоқ. Дегенмен қатысушылардың арасында қашықтықты барынша жылдам бағындыруға тырысқандар көп болды. Солардың бірі – 6,2 шақырымды 23 минутта жүгіріп өткен Әділбек Жұмабекұлы.

«Бүгінгі шара өте жақсы ұйымдастырылған. Қатысушыларға барлық жағдай жасалған, жүгіру барысында ешқандай қиындық болған жоқ. Тіпті, көшбасшылардың қарқынын бақылап отыру үшін арнайы велосипедпен жүретін пейсмейкер де болды.

Триатлон саябағының ерекшелігі – мұнда екі ойыс пен екі өр бар. Бұл физикалық тұрғыдан шыңдалуға жақсы мүмкіндік береді. Өзім осы бағытта екі жылдан бері жүгіріп, түрлі марафондарға дайындаламын.

Спортпен айналысу адамға күш-қуат беріп, көңіл-күйін көтереді. Сондықтан баршаңызды спортпен шұғылдануға шақырамын», – деді Әділбек Жұмабекұлы.

Шара соңында қатысушыларға естелік медальдар табысталып, шара ары қарай концерттік бағдарламаға ұласты.