Референдум-2026

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластері құрылады

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластері құрылады
Фото: ЖИЦДМ

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластерін құру жоспарланып отыр. Осыған байланысты ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аясында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, халықаралық Citi корпорациясы және Freedom Holding Corp арасында үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ЖИЦДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба аясында озық GPU-технологияларымен жабдықталған жасанды интеллект кластері мен мемлекеттік сектор, ғылым және бизнеске қызмет көрсететін заманауи деректерді өңдеу орталығы салынады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл бастама Қазақстанның технологиялық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрудамыз. Бүгінде технологияны тұтынушы болу жеткіліксіз, өзіндік есептеу қуатына және AI-шешімдерді әзірлеуге арналған жағдайларға ие болу маңызды. Citi және Freedom Holding Corp компанияларымен меморандумға қол қою – әлемдік деңгейдегі AI-кластерін құру жобасын жүзеге асыру жолындағы тағы бір қадам. Ол инвестициялар, таланттар мен технологиялық компаниялар үшін тартымды орталыққа айналады, сондай-ақ мемлекет, ғылым және бизнес үшін қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді», – деді министр.

Citi-дің мемлекеттік сектормен жұмыс жөніндегі жаһандық басшысы Стефани фон Фридебург бұл меморандум Қазақстанның цифрлық трансформациясын жеделдетуге ықпал ететін маңызды қадам екенін атап өтті.

«Бұл Меморандум Қазақстанның цифрлық трансформациясының өршіл күн тәртібін және озық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуды қолдауға деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді. Осы ынтымақтастық арқылы біз мемлекеттік институттарға, бизнеске және зерттеушілерге қызмет ете алатын әлемдік деңгейдегі ИИ-кластері мен есептеу қуаттарын құруға ықпал ететін инновациялық қаржыландыру тәсілдерін бағалауға тырысамыз. Біз Қазақстанның позициясын нығайту үшін өзіміздің жаһандық тәжірибеміз бен халықаралық капиталға қолжетімділікті пайдалана аламыз», – деді ол.

Freedom Holding Corp бас директоры Тимур Турлов жоба Мемлекет басшысының цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі стратегиялық бағытының нақты көрінісі екенін айтты.

«Бүгінгі оқиға – Мемлекет басшысының цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласында жүргізіп отырған ауқымды саясатының тәжірибелік көрінісі. Технологиялық егемендікке ұмтылу және Қазақстанды цифрлық державаға айналдыру курсы ең жоғары деңгейде белгіленді, ал біз қол қойып отырған меморандум – осы бағыттағы нақты қадам. Freedom Holding Corp компаниясының NVIDIA және OpenAI сияқты жетекші әлемдік технологиялық компаниялармен ынтымақтастықта нақты тәжірибесі бар және біз бұл сараптаманы жобаны табысты жүзеге асыру үшін қолдануға ниеттіміз», – деді Тимур Турлов.

Жоба аясында Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға қоса, цифрлық активтер экожүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ тараптар цифрлық банкинг пен трансшекаралық есеп айырысу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, қаржы нарығының барлық қатысушысына қолжетімді әрі ашық блокчейн шешімдерін енгізуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтқанын жазған болатынбыз.