Header Banner

Маңғыстауда қараусыз түйелер пойыздың астына түскен: иелеріне айыппұл салынды

Бүгін, 15:33
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Маңғыстауда қараусыз түйелер пойыздың астына түскен: иелеріне айыппұл салынды
Фото: Magnific.соm

Жүк тасымалдайтын пойызбен соқтығысқан түйелердің иелері ұлттық тасымалдаушыға 251 мың теңгеден төлейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жоғарғы сотқа сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысында малын қараусыз қалдырған түйе иелері теміржол компаниясына келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді. Үш түйенің пойыз астында қалуы салдарынан тасымалдаушыға 251 мың теңгеден астам залал келген.

Ресми дерекке сүйенсек, Бейнеу–Маңғыстау бағытындағы жүк пойызының алдында теміржол жолына кенеттен үш қараусыз түйе шығып кеткен. Машинист апаттық тежегішті дереу басқан. Алайда құрамның салмағы ауыр әрі жануарларға дейінгі қашықтық аз болғандықтан, соқтығысудан құтылу мүмкін болмады.

Соқтығысу салдарынан түйелер өліп, пойыз жолда шамамен 1,5 сағатқа кешікті. Мәжбүрлі тоқтаудан теміржол тасымалдаушысының шеккен материалдық шығыны 251 мың теңгеден асты.

Оқиға фактісі іс материалдарымен, машинистің түсініктемелерімен және құрам қозғалысы туралы құжаттармен расталды.

Полиция жануар иелерін ӘҚБтК-нің 559-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Хаттамалар олардың қатысуымен толтырылып, қол қойылды.

Сот талқылауы малды бақылаусыз жаю қандай салдарға әкелетінін көрсетті. Мал иелері жануарларды қараусыз қалдырып, белгіленген талаптарды бұзған.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидаларына сәйкес, теміржолдың бөліну жолағында мал жаюға, сондай-ақ оны белгіленбеген жерлерде, оның ішінде қараңғы уақытта жолдан өткізуге тыйым салынады.

Азаматтық кодекстің 917-бабына сәйкес, заңды тұлғаның мүлкіне құқыққа сыйымсыз әрекеттермен немесе әрекетсіздікпен келтірілген зиянды оны келтірген адам толық көлемде өтеуге тиіс.

Маңғыстау аудандық соты компанияның талап арызын толық қанағаттандырды. Жануар иелерінен ынтымақты тәртіппен 251 мың теңгеден астам шығын өтемақысы, сондай-ақ сот шығыстары өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.