Атырау облысының прокуратурасы 4 мыңнан астам баланың конституциялық құқығын қорғады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Атырау облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Қадағалаушы органның дерегінше, мұндай оқиғалар қалада және облыстың бірнеше аудандарында орын алған.
Мысалы, Махамбет ауданындағы З. Ещанов атындағы балалар өнер мектебі 400-ден астам баланың дербес деректерін шетелдік цифрлық платформада (кітапханада) жариялаған.
Басқа жағдайда, Жылыой ауданындағы №6 мектепте 2 000-нан астам оқушының дербес деректері ата-аналарының келісімінсіз оқу орнына қатысуды есепке алатын бағдарламаға енгізілген.
Ал Атырау қаласындағы мектептердің бірінде дәретханаға бейнебақылау камераларын орнату арқылы 1 400-ден астам баланың құқығы бұзылған. Бұл жағдай баланың психологиялық және эмоционалдық зардаптарға ұшырау қаупін тудырады.
Прокурорлардың мәліметінше, Конституция әркімге жеке құпияға және дербес деректерді қорғауға құқық кепілдік береді. Сондықтан оларды қорғау жауапкершілігі заңды өкілдерге ғана емес, білім беру ұйымдарына да жүктелген.
«Аталған фактілердің барлығы бойынша қадағалау актісі бойынша бұзылған құқықтар қалпына келтіріліп, кінәлілер жауаптылыққа тартылды», - делінген хабарламада.