Көкшетау полицейлері арыққа құлап шыға алмай жатқан алты жасар баланы құтқарып қалды (ВИДЕО)
Көкшетау полицейлері сулы арқықа құлап, өздігінен шыға алмай жатқан алты жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлады Elordainfo.kz Көкшетау қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Көкшетау қаласы ППБ командирі, полиция майоры Азамат Кабиевтің басшылығымен Саин көшесін әдеттегі патрульдеу кезінде болған. Патрульдік қызмет батальонының қызметкерлері баланың айқайын естіп, қызметтік көлікті дереу тоқтатады. Олар жолдың оң жағында ағынды сулы арықта жатқан алты жасар баланы көрді. Бала өздігінен шыға алмай қатты жылап, қорқып кеткен.Полиция қызметкерлері баланы арықтан жедел шығарып, қызметтік көлікке отырғызды, суға толған аяқ киімін шешкен.
Полицейлердің айтуынша, алғашқы минуттарда олар баланың сүйегі сынған немесе ауыр жарақаттанған деп қорыққан,бірақ тексеруден кейін дене мүшесі сау екені белгілі болды.
«Балада өзімен бірге телефон болмаған, ата-анасының нөмірін де білмеді. Полиция баланың тұрғылықты мекен-жайын анықтап, үйіне жеткізіп, анасына тапсырды», - делінген хабарламада.
Баланың небәрі 6 жаста екендігі және мектептен үйге жалғыз келе жатқаны белгілі болды.
Полиция қызметкерлері ата-аналарды мұқият болуға және балаларды өздерін жалғыз жібермеуге, сондай-ақ оларға жеке қауіпсіздік ережелерін сақтауды үйретуді, әсіресе жолдар мен ашық су арналарының жанында қауіпсіздікті еске салуға шақырады.