Қазақстанға екінші Airbus әскери-көлік ұшағы жеткізілді

Бүгін, 10:08
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстанға екінші Airbus әскери-көлік ұшағы жеткізілді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Испаниядан Алматы қаласына Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне екінші ауыр әскери-көлік Airbus A400M Atlas ұшағы жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. 

Министрліктің мәліметінше, екінші A400M ұшағының келуі Қазақстанның әскери-көлік авиациясының мүмкіндіктерін кеңейтеді.

«A400M ұшақтары қорғаныс міндеттерін орындаумен қатар, төтенше жағдайлардың салдарын жою, халықты эвакуациялау және гуманитарлық көмек жеткізу мақсатында да пайдаланылуы мүмкін», - делінген хабарламада. 

Әскери-көлік авиациясын қолданудың тағы бір маңызды бағыты қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысуын қамтамасыз ету болмақ. Мұндай санаттағы ұшақтардың болуы ұлттық бітімгерлік контингентті өз күшімен тасымалдау мүмкіндігін кеңейтеді.

Жаңа авиациялық техниканы пайдалануға қазақстандық экипаждар мен инженерлік-техникалық персонал дайындалды. 

Airbus A400M әскери-көлік ұшағы Қазақстан, Түркия, Германия, Малайзия, Индонезия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Бельгия және Люксембургпен қоса, он елдің қарулы күштерінде қолданылады.