Елордалық өнегелі жұптар отбасы құндылықтарын насихаттады

14 мамыр, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордалық өнегелі жұптар отбасы құндылықтарын насихаттады
Фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Есіл ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 15 мамыр - Халықаралық отбасы күніне арналған «Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Тағылымы мол кешті Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесіп ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан өнегелі отбасыларға құрмет көрсету.

Мерекелік кеш би ұжымдарының көтеріңкі, әсем биімен ашылды. 

Іс-шара барысында 40, 45, 50, 55, 60 жылдан астам уақыт отасқан үлгілі жұптар сахна төріне шақырылып, арнайы құрметке ие болды. Олардың қатарында Нұрбала Байыршов мен Диляхан Байменова, Слямбек Тұрғанбаев пен Төлеш Тұрғанова, Абат Досмұратов пен Тынышгүл Шармуратова және өзге де алтын шаңырақ иелері бар.

Жүргізушілер отбасының қоғамдағы орны, адалдық пен сыйластықтың маңызы туралы тебірене айтып, ардақты жандардың өмір жолын жастарға үлгі етті. Сонымен қатар мерейтой иелеріне арналған құттықтау сөздер айтылып, естелік суретке түсу рәсімі өтті.

Кештің көркемдік бөлімі де мазмұнды болды.  Есіл ауданының өнерпаз зейнеткерлері ұсынған концерттік бағдарлама көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар бақытты отбасылық өмірдің құпиясы жайында шағын сұхбат ұйымдастырылып, мерейтой иелері жастарға ақыл-кеңестерін айтып, өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызын ерекше атап өтті.

«Тағылымды шара көрермендерге ерекше әсер сыйлап, отбасы құндылықтарының қоғамдағы орны қашанда биік екенін тағы бір мәрте айқындады» - деп пікір білдірді Орталықтың жетекші маманы Мақпал Ақбасова.

Мерекелік кеш бақытты жұптардың вальсімен қорытындыланды.