Елордада жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай жастар акциясы өтті
Астанадағы Нұржол бульварында, «Әділет» партиясының орталық аппаратының жанында жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай «Жаңа Конституция: жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер» атты республикалық жастар акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Іс-шара аясында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған викторина, фотоаймақ және түрлі интерактивті бағдарламалар өткізілді. Белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Жастар рухы» жастар қанатының Астана қалалық филиалының төрағасы Мағзұм Арсланбек акцияның басты мақсаты – жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты елорда тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау және жастар арасында конституциялық реформалардың маңызын насихаттау екенін айтты. Оның сөзінше, ұйымдастырушылар бұл өзгерістердің елдің дамуына тың серпін беріп, әсіресе жастардың болашағына оң ықпал етеді деп сенеді.

«Біздің басты мақсатымыз – жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты жақсы көңіл күйді елорданың жастарына, тұрғындарына сыйлау. Біз жаңа Конституция еліміздің дамуына жаңа серпін береді, жастардың болашағына үлкен әсерін тигізеді деп есептейміз. Ондағы көптеген нормалар болашаққа бағытталған және жас ұрпақтың мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді», – деді Мағзұм Арсланбек.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, дәл осындай акциялар еліміздің барлық өңірінде «Әділет» партиясының жастарының бастамасымен өткізіліп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанның жаңартылған Конституциясы бүгін, яғни, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап ресми түрде күшіне енді.