Референдум-2026

Елордада көктемгі әскерге шақыру аяқталды: болашақ әскерге шақырылушылар нені білуі тиіс

Бүгін, 12:17
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада көктемгі әскерге шақыру аяқталды: болашақ әскерге шақырылушылар нені білуі тиіс
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Астанада мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру, әскери есепті цифрландыру және жастардың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Астана қаласы коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөйлеген сөзінде Қазақстан өсіп келе жатқан ұрпақтың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, ел алдында Тәуелсіздік, егемендік, аумақтық тұтастық, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сияқты құндылықтарды терең түсінетін, сондай-ақ әділетті, құқықтық және прогрессивті мемлекет құруға ұмтылатын жастарды тәрбиелеу міндеті тұр.

Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінің баспасөз-конференциясында Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Мұрат Исенбаев, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі Департаменті бастығының орынбасары Әнуар Әубәкіров, Астана қаласының әскерге шақыру комиссиясының мүшесі, «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Президиумының мүшесі Ғани Артықов айтып берді.  

Әскери қызметке жаңа көзқарас

Президент «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидатына сәйкес армиялық дәстүрлерді жаңғырту бастамасын қолдады.

Енді әскери қызметтің үш негізгі кезеңі – әскерге шақыру, Әскери ант қабылдау және запасқа шығару – мемлекеттік хаттама талаптарына сай жаңа салтанатты форматта өтеді. Бұл маңызды оқиғалардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жастар мен қоғам арасында армияның беделін көтеруге мүмкіндік береді.

Елордада көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында жас азаматтарды мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу, сондай-ақ запасқа босатылған әскери қызметшілерді қарсы алу рәсімдері тұрақты түрде ұйымдастырылды. Іс-шараларға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мектеп оқушылары, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысты.

«Smart әскери комиссариат»: әскери есеп цифрлық форматқа көшуде

2020 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі әскери есеп жүргізуге арналған ақпараттық жүйелерді енгізіп келеді. Ал 2023 жылдан бері «Smart әскери комиссариат» жобасы жүзеге асырылуда.

Жоба жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға және азаматтар мен заңды тұлғалардың әскери есепке байланысты рәсімдерге қатысуын барынша азайтуға бағытталған.

Жоба аясында азаматтардың тұрғылықты жері өзгерген кезде оларды әскери есепке автоматты түрде қою жүйесі енгізілді. Тек 2025 жылдың өзінде осы тәсіл арқылы 434 мыңнан астам азамат қайта есепке алынды.

Сонымен қатар, Астанада 2024 жылдан бастап 17 жасқа толған жасөспірімдерді жергілікті әскери басқару органдарына автоматты түрде тіркеу жүргізілуде. 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында оқу процесінен қол үзбей 6 079 жасөспірім әскери есепке қойылды.

Кейінге қалдыру және деректер – артық анықтамасыз

Маңызды жаңашылдықтардың бірі – азаматтардың жеке өтінішінсіз және қосымша анықтамалар жинамай-ақ әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мүмкіндігінің автоматты түрде берілуі болды.

Енді студенттер, некеде тұрған азаматтар, баласы бар адамдар, мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтер кейінге қалдыру құқығын растау үшін шақыру комиссиясының отырысына қатыспайды. Кейінге қалдыруға негіз болған жағдай жойылған кезде, бұл мәртебе де автоматты түрде тоқтатылады.

Басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция нәтижесінде әскери қызмет өткеру туралы мәліметтер алмасу жеңілдетілді. Соның арқасында жәрдемақы мен зейнетақы рәсімдеу кезінде қосымша анықтама алу қажеттілігі жойылды.

Әскерге шақырылушылар мен сарбаздарға арналған цифрлық қызметтер

Мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрықтар енді электрондық форматта рәсімделеді. Әскерге шақырылған азаматтар туралы мәліметтер кредиттік демалыс беру үшін мемлекеттік және бірінші кредиттік бюроға автоматты түрде жіберіледі.

Сондай-ақ шақыру комиссиялары отырыстарының цифрлық хаттамалары енгізілді, «Е-Медосмотр» жүйесімен интеграция жүзеге асырылды, ал әскери есепке қатысты барлық ақпарат азаматтарға eGov және mGov порталдарындағы жеке кабинеттерінде қолжетімді.

Әскери бөлімдерде сарбаздардың жақындарымен байланыста болуына мүмкіндік беретін «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі белсенді қолданылуда. Сонымен қатар, Қарулы Күштерді цифрландыруды дамытуға және азаматтармен ашық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге арналған ARMIA.KZ ақпараттық сервисі іске қосылған.

Білім, гранттар және кредиттік демалыс

Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға ҰБТ нәтижелерін есепке алмай-ақ жоғары оқу орындарының мемлекеттік білім беру гранттарына түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Әскери қызметшілерге көмек көрсету үшін «Сарбаз» цифрлық платформасы жұмыс істейді. Ол сарбаздардың рейтингін автоматты түрде анықтап, оларды жоғары оқу орындарына бөледі, сондай-ақ электрондық кітапханаға қолжетімділік береді. 2023 жылдан бері шамамен 10 мың сарбаз ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына қабылданды. 2025 жылы мұндай мүмкіндік 3 300 әскери қызметшіге берілсе, биылғы көктемде 1 000-нан астам мерзімді әскери қызметші білім гранттарына ие болды.

Сонымен қатар, әскери қызмет өткеру кезеңінде кредиттік демалыс көзделген. Бүгінде 20 мыңнан астам әскери қызметшіге негізгі қарыз бен сыйақы төлемдері бойынша жалпы сомасы шамамен 9 млрд теңгені құрайтын кейінге қалдыру берілді.

Әскери қызмет – дамуға мүмкіндік

Әскери қызмет барысында сарбаздар нақты экономика секторында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп немесе жұмысшы кәсіптерін игере алады. Оқыту Қарулы Күштердің кіші мамандар даярлайтын оқу орталықтарында өткізіледі. Оқу аяқталған соң әскери қызметшілерге тиісті сертификаттар табысталады.

Бүгінде мерзімді әскери қызметті жеке тұлғаның дамуына, білім алуына және Отанды қорғауға дайындалуына мүмкіндік беретін өмірдің маңызды кезеңі ретінде таныту ерекше маңызды. Қазақстанның Қарулы Күштері жаңғыртылып, жаңа технологиялар мен заманауи қару-жарақ енгізілуде, ал армия жастардың кәсіби дамуына мүмкіндік беретін ортаға айналып келеді.

БАҚ әскери қызметті насихаттауға қолдау көрсетуге шақырылды

Қоғамдық пікір қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге ерекше рөл жүктеледі. БАҚ өкілдері Қазақстан Қарулы Күштерінің оң имиджін қалыптастыруға және Отан қорғау құндылығын кеңінен насихаттауға бірлесіп атсалысуға шақырылды.

Брифинг барысында атап өтілгендей, Отанды қорғау – қасиетті парыз, ал әскери қызметті өткеру – әрбір азаматтың абыройлы міндеті. Жастарды тәрбиелеу және оларды ел қорғауға даярлау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.