Референдум-2026

Елордада алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қарқын алды

Бүгін, 12:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қарқын алды
Коллаж: Elordainfo.kz

Дауыс беру күні Астанада 520 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазір учаскелік комиссиялар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сайлаушылар тізімін нақтылап, дауыс беру процесіне дайындық жүргізіп жатыр. Азаматтар өздерінің қай учаскеде дауыс беретінін қалай біледі? Бұл туралы 24 KZ телеарнасы сюжетінде жан-жақты түсіндірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz телеарнаның сайтына сілтеме жасап. 

Құрылтай сайлауы күні елордада тұрақты тіркеуі бар дауыс берушілер үшін 403 учаске жұмыс істейді. Бұдан бөлек уақытша тұрған азаматтарға арналған 117 және жабық форматтағы 35 учаске ашылады. Ал шет елдердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жанынан 82 сайлау учаскесі ұйымдастырылмақ. Қазір аумақтық комиссиялар әкімдікпен бірлесіп дауыс берушілердің тізімін нақтылап жатыр. Әр азамат өзіне тиесілі учаскені eGov Mobile қосымшасы, Gov.kz порталы немесе елорда тұрғындары үшін арнайы іске қосылған sailau.astana.kz сайты арқылы анықтай алады. Ол үшін жеке сәйкестендіру номерін енгізген жеткілікті. 

«Екінші тамыз күні әкімдіктер электронды жүйеде, қағаз жүйеде тізімдерді біздің учаскелік комиссияларға тапсырады. Содан кейін біздің учаскелік комиссияларға әрбір сайлаушы келіп, өзінің тізімде бар я жоқ екенін білуге мүмкіншілігі бар. Ол үшін Астана қаласындағы бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімет беріп жатырмыз», - дейді Астана қаласы аумақтық сайлау комиссияның төрағасы Бейсенбай Жұмабеков.

Жетінші тамыздан бастап әрбір тұрғын өзі тіркелген учаскеге барып, сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексере алады. Егер қандай да бір қателік анықталса, оны сол жерде түзетуге болады. Ал сайлау күні тұрақты тіркелген мекен-жайында болмайтын азаматтар арнайы уақытша орындарда таңдау жасай алады. Мұндай учаскелер ауруханаларда, тергеу изоляторларында, әскери бөлімдерде орналасады. Ол үшін азаматтар дауыс беру күніне кемінде 15 күн қалғанда тиісті өтініш беруі қажет.

«Азаматтар осы нәрсеге жауапты қарау керек. Сайлау кезінде Астана қаласында болмайтын жағдайда ол кісілер әкімдікке барып, өтініш беріп, өзі болатын жерге тіркелуіне мүмкіндік бар. Екінші тамыздан бастап учаскелік комиссияға тізімді бергеннен кейін сол жерге келіп, тізімнен шығару қуәлігін алуға болады», - дейді бұл туралы Астана қаласы аумақтық сайлау комиссияның төрағасы. 

Айта кетерлігі, ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға жеті саяси партия қатысады. Қазір олардың сенімді өкілдеріне арнайы куәліктер табысталып жатыр. Сонымен қатар саяси дода барысын бақылайтын халықаралық байқаушылардың тізімі да артып келеді. Бүгінде олардың саны 86-ға жетті. Астанадағы 23 қоғамдық ұйым байқаушы ретінде қатысуға ниет білдіріп, аккредиттеу рәсімінен өтіп, тиісті куәліктерін алып жатыр.