Референдум-2026

Елімізде қылмыс деңгейі 10%-ға азайды

Бүгін, 17:08
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде қылмыс деңгейі 10%-ға азайды
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жиында бірінші жартыжылдықтың қорытындыcы шығарылып, алдағы кезеңге негізгі міндеттер айқындалды. Отырысты ашқан Ішкі істер министрі Ержан Саденов 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін, онда "Заң мен Тәртіп" қағидаты конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өтті.

- Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидат мемлекеттік органдар мен жалпы қоғам қызметінің берік негізіне айналуы тиіс. Ішкі істер органдары үшін бұл заңды мүлтіксіз сақтау мен қамтамасыз ету, құқыққа бағыну мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту және қылмысқа қарсы ымырасыз күрес жүргізу дегенді білдіреді. Дәл осы бағыттар Әділетті Қазақстанды құрудың басты негізі болып қала береді, - деді Ержан Саденов.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елімізде қылмыс деңгейі 10%-ға азайған. Бұл көрсеткіш қылмыстың барлық негізгі санаты бойынша төмендеген. Қылмыстарды ашу деңгейі жақсарып, жедел-іздестіру және тергеу жұмыстарының тиімділігі артты. Алдын алу шаралары нәтижесінде бұрын сотталған адамдармен, кәмелетке толмағандармен, алкогольдік масаң күйде, сондай-ақ қоғамдық орындар мен тұрмыстық-отбасылық салада жасалған қылмыстардың саны азайды. Жүйелі профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде мүліктік қылмыстар да төмендеді. Ұрлықтар саны 16,4%-ға, мал ұрлығы 15,8%-ға қысқарды. Мал ұрлығына қарсы күрес те басым бағыттардың бірі болып қала бермек.

Министр оң нәтижелерге қарамастан, бұл босаңсуға себеп емес, керісінше ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін одан әрі арттыруға ынталандыруы тиіс екенін атап өтті.

Алқа отырысында бірқатар аумақтық бөліністер мен қызметтердің жұмысындағы кемшіліктерге баға берілді. Басшыларға жұмыс нәтижелері үшін жеке жауапкершілік жүктеліп, анықталған олқылықтарды жедел жою және басқару тиімділігін арттыру тапсырылды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қылмыстық топтардың экономикаға ықпалын тоқтату бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды. Жыл басынан бері, оның ішінде трансұлттық сипатта 38 қылмыстық іс тіркеліп, қылмыстық ортадан шыққан 160-тан астам адам қылмыстық жауапқа тартылуда.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша қылмыстық істер аясында 34 млрд теңгеден астам шығын өтелді.

Интернет-алаяқтық бойынша алты ай ішінде қылмыстар саны 7%-ға төмендеді. Жәбірленушілерге 4,8 млрд теңге қайтарылып, тағы 2,6 млрд теңгенің заңсыз шығарылуына жол берілмеді, сондай-ақ 150 млн алаяқтық қоңырау бұғатталды. Министр тергеу сапасын арттыруды, қылмыстық шоттарды жедел бұғаттауды және алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылардың барлығын анықтауды тапсырды.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласында 1 880-нен астам есірткі қылмысының жолы кесілді. Оның ішінде бір трансұлттық топты қоса алғанда 6 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылып, 9 ұйымдастырушы мен 29 белсенді қатысушы ұсталды. Заңсыз айналымға жарты тоннадан астам синтетикалық есірткінің түсуіне жол берілмеді.

ІІМ басшысы "Таза Қазақстан" бастамасы ең алдымен заңға құрмет, қоғамдық тәртіп және әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстар аясында жыл басынан бері 213 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 1 397 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Полиция материалдары негізінде олардың 952-сі жойылды. Санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 351 лауазымды тұлға, оның ішінде 102 әкім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының 249 өкілі әкімшілік жауапқа тартылды.

Басым бағыттардың бірі - жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Есепті кезеңде жол-көлік оқиғаларының саны 4%-ға, қаза тапқандар саны 20%-ға, жарақат алғандар саны 7%-ға азайды. Министр жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күшейтуді, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларға қатысты шараларды қатаңдатуды және оларды анықтау үшін цифрлық технологияларды белсенді пайдалануды тапсырды.

Сондай-ақ жалға берілетін электрсамокаттарын пайдалану жөніндегі жаңа талаптардың орындалуы қаралды. Министр кикшеринг компанияларының белгіленген талаптарды сақтауын бақылауды және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Алқа отырысында жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған "Рақымшылық туралы" заңды іске асыру мәселелері де қаралды. Ержан Саденов рақымшылық актісін қолдану тиімді профилактикамен, қайта әлеуметтендірумен және босатылған азаматтарды жұмыспен қамтумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ аумақтық бөліністердің басшыларына әкімшілік рақымшылықты, оның ішінде заң талаптарына сәйкес келетін айыппұлдарды автоматты түрде есептен шығаруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысына да баға берілді. Министр қызметтік тәртіпті нығайтуды, заңның қатаң сақталуын қамтамасыз етуді және сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жұмысының тиімділігін арттыруды талап етті.

Ержан Саденов қызметтік-әскери тәртіп пен заңды нығайту мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар барлық деңгейдегі басшыларға қарамағындағы бөліністердің тәртібі үшін жеке жауапкершілік жүктелетіні ескертілді.

Алқа отырысын қорытындылаған Ішкі істер министрі қазіргі заманғы полиция қызметкері тек құқық қорғау жүйесінің өкілі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік саясаттың бөлігі екенін айтты. Сондықтан ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, жоғары құқықтық мәдениет пен заңға деген құрметті дәйекті түрде қалыптастыруы тиіс.