Елімізде 59 пойыз Starlink спутниктік интернетіне қосылды
Мемлекет басшысының цифрлық инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында елімізде жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен жабдықтау бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
2026 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша Starlink спутниктік интернеті 31 бағытта қатынайтын 59 пойыз құрамында қолжетімді. Бұл 770-тен астам вагонды қамтиды. Қыркүйек айының соңына дейін 50 бағыттағы 124 пойыз құрамын, яғни 1 235 вагонды спутниктік интернетпен жабдықтау жоспарланып отыр.
Төмен орбиталы OneWeb және Starlink спутниктік жүйелерін пайдалану бойынша алғашқы сынақ жобалары 2025 жылы Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғышлақ бағыттарында жүзеге асырылды. 2026 жылы жоба кең көлемде іске асыру кезеңіне өтті.
«Қазір спутниктік интернет жолаушылар көп қатынайтын бірқатар бағыттарда қолжетімді. Атап айтқанда, Нұрлы жол – Алматы, Нұрлы жол – Өскемен, Нұрлы жол – Орал, Нұрлы жол – Петропавл, Алматы-2 – Өскемен, Қызылорда – Семей, Ақтөбе – Алматы-1, Маңғыстау – Ақтөбе, Орал – Маңғыстау, Ақтөбе – Қазалы, Ақтөбе – Атырау және Павлодар – Алматы бағыттарында интернетке қосылуға болады», - делінген хабарламада.
Спутниктік байланыс арнасы арқылы интернетке қосылу жылдамдығы секундына 100 Мбитке дейін жетеді. Төмен орбиталы спутниктік технологияны пайдалану теміржол желісінің шалғай учаскелерінде де интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Мұндай аумақтарда дәстүрлі жерүсті байланыс желілерінің қамту аймағы шектеулі.
Жолаушыларға интернетті пайдаланудың тегін базалық пакеті ұсынылады. Оның аясында WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламалар алмасуға қосымша ақы алынбайды. Ал интернеттегі басқа да сервистерді кеңінен пайдаланып, трафик көлемін ұлғайтқысы келетін жолаушыларға қосымша тарифтік пакеттер ұсынылған.
Еске салсақ, PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, елімізде мектеп қауіпсіздігі мен цифрлық білім деңгейі артқан.