ДСМ перзентханаларды тексерді: Кемшіліктерді жоюға 81 нұсқау берілді

ДСМ перзентханаларды тексерді: Кемшіліктерді жоюға 81 нұсқау берілді
Фото: ЖИ

Денсаулық сақтау министрлігі 84 босандыру ұйымының 82-сінде тексеруді аяқтады. Олардың қатарында 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімі бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мамандар инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын, оның ішінде стерилизация және дезинфекция жұмысын, желдету және сумен жабдықтау жүйесінің жай-күйін, инфекцияны уақтылы анықтауды және инфекциялық бақылау қызметінің жұмысын бағалады.

Тексеру қорытындысы бойынша 81 санитариялық нұсқама берілді. 29 медициналық ұйымда дезинфекциялық-стерилизациялық режимнің бұзылғаны анықталды. Қауіптерді шұғыл жоюды талап ететін фактілер бойынша нақты шара қабылданды.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірдегі денсаулық сақтау басқармаларына нұсқаудың орындалуын ай сайын бақылауды және босандыру ұйымдарының санитариялық-техникалық жағдайын белгіленген талапқа сәйкестендіруді тапсырды.

«Біздің міндетіміз – тек кемшілікті тіркеп, нұсқау беру емес. Бір айдан кейін біз қайта келіп, нақты нәтижені көруіміз керек. Егер ескерту анықталса, ол жойылуы тиіс. Пациенттің қауіпсіздігі есеппен емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайымен расталуы керек», – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Келесі кезеңде балалар ауруханасы тексеріледі. Одан кейін осындай жұмыс медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында да жүргізілмек.

Еске салсақ, емханаларда дәрігер қабылдауын күту мерзімі қысқарды