Референдум-2026

Дәулет Тұрлыханов: Мәжіліс депутаты болу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор сенім болды

Бүгін, 17:56
Думан Аманжол Думан Аманжол
Дәулет Тұрлыханов: Мәжіліс депутаты болу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор сенім болды
Фото: instagram.com/daulet_bolatuly_turlykhanov

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов VIII сайланған Мәжілістің жұмысына қорытынды жасап, депутаттық қызметті атқару өзіне үлкен жауапкершілік жүктегенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, 2023 жылы халықтың сенімімен Мәжіліс депутаты болып сайлануы оған үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік болған.

«Осы уақыт аралығында елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды өзгерістер қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» қағидаты негізінде Парламенттің рөлі күшейіп, заң шығару қызметінің тиімділігі артты.

Жаңадан қабылданған Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламентінің VIII сайланымдағы жұмысы өз мәресіне жетті. Осылайша, ел тарихындағы маңызды реформалардың заңнамалық негізін қалаған Парламент өзінің тарихи миссиясын абыроймен орындады.

Осы кезеңде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың басшылығымен депутаттық корпус Мемлекет басшысы айқындаған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында ауқымды әрі нәтижелі жұмыс атқарды.

Ел игілігі үшін жаңа Конституцияны іске асыратын конституциялық заңдар қабылданды. «Цифрлық кодекс», «Жасанды интеллект туралы» заң, «Құрылыс кодексі», Салық кодексі, Бюджет кодексі, «Банктер және банк қызметі туралы», Сонымен қатар әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын күшейтуге, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заң мен тәртіпті нығайтуға, медицина қызметкерлерін қорғауға, педагогтердің мәртебесін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, әлеуметтік қолдауды күшейтуге, экономиканы дамытуға бағытталған маңызды заңдар қабылданды.

Өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау мақсатында энергетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салынды, вейптердің айналымына толық тыйым енгізілді, есірткі өндірісі мен таратуға қарсы заңнамалық жауапкершілік күшейтілді.

Бұл заңдардың барлығы - Әділетті Қазақстанды құруға, мемлекетіміздің тұрақты дамуына және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды шешімдер.

Еліміздің әр өңірінен сайланған, халық сеніміне ие болған Депутаттар халықтың аманатын абыроймен орындап, ел мүддесі жолында үлкен еңбек етті. Әрбір заңның негізінде халықтың сұранысы, қоғамның қажеттілігі және еліміздің болашағына деген жауапкершілік жатыр.

Өзіме сенім білдіріп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде қызмет етуге мүмкіндік берген сайлаушыларыма шынайы алғысымды білдіремін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіз Қазақстанымыздың болашағы жарқын болсын», деп жазды желідегі парақшасында Д.Тұрлыханов.