Дәрігерлерге арналған үй және 130 грант: Ұлытау облысында медицина мамандарын қолдау күшейтілді
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың Ұлытау облысына жұмыс сапары шеңберінде Жезқазған қаласының Кеңгір ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша салынған жаңа дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ вице-министр Сәтбаев қаласындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан облыстық фтизиопульмонология орталығына, сондай-ақ Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханаға барды.
Облыстық аурухана басшылығы және ұжымымен өткен кездесуде медициналық инфрақұрылымды дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін жетілдіру, онкологиялық көмекті дамыту, заманауи емдеу әдістерін енгізу және жоғары технологиялық операцияларды жүргізу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар вице-министр «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС-не барып, Ұлытау ауданындағы жаңа аурухананың және Сәтбаев қаласы ауруханасы жанындағы жаңа травматология бөлімшесінің құрылысы барысымен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша Тимур Мұратов өңірдегі денсаулық сақтау саласының даму қарқынына оң баға беріп, медициналық кадрларды тарту бағытындағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Соңғы үш жылда медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында Ұлытау облысына 84 дәрігер келді, дәрігер-резиденттерді даярлау бойынша 38 келісімшарт жасалды. 2025 жылы өңірге медициналық мамандар даярлау үшін 130 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді.
Сонымен қатар Дәрігерлер үйінің құрылысын бастау жұмыстары қолға алынуда. Бұл медицина қызметкерлерін қосымша қолдау шарасы ретінде, өңірдің кадрлар үшін тартымдылығын арттырады.
Еске салайық, бұдан бұрын еліміздегі барлық емханаларда медициналық көмек бөлімшелері жұмыс істейтіні туралы жаздық.