Дамира Жапарова: Салауатты өмір салтын таңдау - өзіңе деген құрмет
Жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың маңызы зор. Осы орайда гандболдан Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Дамира Жапарова алкогольдің жас ағзаға тигізетін зияны, спорттың зиянды әдеттердің алдын алудағы рөлі және жастарға дұрыс бағыт көрсетудегі спортшылардың жауапкершілігі туралы Elordainfo.kz тілшісімен ой бөлісті.
– Сіздің ойыңызша, жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына қандай факторлар әсер етеді?
– Менің ойымша, жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына достарының ықпалы, қоршаған орта, отбасындағы жағдай және қызығушылық әсер етеді. Кейде жастар белгілі бір ортаға қосылу үшін дұрыс емес әдеттерге еріп кетуі мүмкін.
– Кәсіби спортшы ретінде алкогольдің ағзаға және спорттық нәтижеге тигізетін зиянын қалай түсіндірер едіңіз?
– Кәсіби спортшы үшін ағза – ең басты құрал. Алкоголь ағзаның қалпына келу процесіне, ұйқы сапасына, реакция жылдамдығына, төзімділікке және жалпы спорттық нәтижеге кері әсер етеді. Сондықтан кәсіби спортпен айналысатын адам үшін алкогольден бас тарту өте маңызды.
– Спортпен айналысу зиянды әдеттің, соның ішінде алкогольге әуестенудің алдын алуға қалай көмектеседі?
– Спорт адамды тәртіпке, жауапкершілікке және алдына қойған мақсатына жетуге үйретеді. Жаттығулар мен жарыстарға дайындық уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Cол арқылы адамның өзіне деген сенімі артып, зиянды әдеттерден алшақ болады.
– Бүгінде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда спортшылар қандай рөл атқаруы керек деп ойлайсыз?
– Спортшылар ең алдымен өз өмір салтымен жастарға үлгі болуы керек. Біз спорттың адамға беретін мүмкіндігін көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттай аламыз. Жастарға дұрыс бағыт көрсетіп, спортпен айналысуға мотивация беру – спортшылардың маңызды міндетінің бірі деп ойлаймын.
– Өз тәжірибеңізде спорттың арқасында өмірін жақсы жаққа өзгерткен немесе зиянды әдеттерден алыс жүрген жастарды кездестірдіңіз бе?
– Иә, спорттың арқасында өмір салтын өзгертіп, зиянды әдеттерден алыс жүрген жастарды кездестірдім. Спорт адамның күн тәртібін қалыптастырып, жаңа мақсаттар қоюына көмектеседі. Сонымен қатар жауапкершілігін арттырып, өз болашағына деген көзқарасын өзгертеді.
– Егер бір жасөспірім сізден «Неліктен алкогольден бас тарту керек?» деп сұраса, оған ең басты қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы, жасөспірімге өз болашағын бір сәттік қызығушылыққа айырбастамауға кеңес берер едім. Денсаулық, спорт және өз армандарың әлдеқайда маңызды. Алдыңа нақты мақсат қойып, соған жетуге ұмтылған дұрыс. Салауатты өмір салтын таңдау – ең алдымен өзіңе деген құрмет.