Бас штаб бастығы еліміздің шығысындағы әскери бөлімдердің әзірлігін пысықтады

Бас штаб бастығы еліміздің шығысындағы әскери бөлімдердің әзірлігін пысықтады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров еліміздің шығыс өңіріндегі гарнизондарға жұмыс сапарымен барып, әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлықтың жаңа жүйесіне көшу барысын тексерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жұмыс сапары аясында Абай, Өскемен, Үшарал және Аягөз гарнизондарындағы құрамалар мен әскери бөлімдер қамтылды. Бас штабтың мобильді топтары жаңа оқу бағдарламалары мен жалпыәскери пәндер бойынша жаңартылған нормативтерге сәйкес жауынгерлік дайындықты ұйымдастыру деңгейін зерделеді.

Тексеру барысында әскери нысандардың, оқу корпустарының, атыс алаңдары мен полигондардың жай-күйіне баға берілді. Сондай-ақ зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймаларындағы күзет режимі, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, өртке және диверсияға қарсы қорғаныс жүйелері қаралды.

Әскерлер қызметін ұйымдастыру, әскери нысандардың техникалық жабдықталуы және күзет құралдарымен қамтамасыз етілуі де назардан тыс қалмады. Ведомствоаралық топ жас сарбаздарды бейімдеу және оқыту жұмыстарына ерекше мән беріп, казарма қорының жағдайын, медициналық қамтамасыз ету деңгейін және тұрмыстық қызмет көрсету сапасын тексерді.

Сонымен қатар оқу-жаттығу нысандарының жабдықталуы қаралып, жас сарбаздар арасында моральдық-психологиялық ахуалды анықтау мақсатында анонимді сауалнама жүргізілді.

Сауалнама нәтижесі бойынша генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров командирлерге жеке құраммен жүргізілетін жұмысты күшейту, мәселелерді дер кезінде анықтап, жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Бас штаб бастығы әскери техникаларды жазғы пайдалану режиміне көшіру кезінде сапалы маусымдық қызмет көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар бұл бағытта үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға алғыс білдірді.

Сапар барысында орталық аппарат өкілдері гарнизон әскери қызметшілерімен кездесулер өткізіп, әскери бөлімдердің лауазымды тұлғаларына әдістемелік сабақтар ұйымдастырды. Онда «Бес қару» бағдарламалық модулінде жауынгерлік және дене даярлығы бойынша есеп жүргізу тәртібі мен қызметтік құжаттарды рәсімдеу талаптары түсіндірілді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Бас штаб бастығы жаңартылған оқу бағдарламаларын енгізу, цифрландыру жүйелерін дамыту, оқу-материалдық базаны жетілдіру және әскери техникалардың техникалық жай-күйін қамтамасыз ету бағытында бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларын күшейту, әскери қызмет жағдайларын жақсарту және жеке құрамды жан-жақты қамтамасыз ету сапасын арттыру міндеттері қойылды.