Бас прокурор «Көкше Арена» спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты
Бас прокурор Берік Асылов Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, Көкшетау қаласындағы «Көкше Арена» спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Салтанатты шараны облыс әкімі М.Ахметжанов ашты. Іс-шараға Қаржы министрі М.Такиев пен Туризм және спорт министрі Е.Мырзабосынов, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті – World Boxing ұйымының басшысы Г.Головкин, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі танымал қазақстандық спортшы Ш.Рахмонов қатысты.

Жаңа нысан өңір тұрғындарына толыққанды дене дамуына, спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде Берік Асылов спорт кешенінің пайдалануға берілуі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың активтерді қайтару жөніндегі тапсырмаларын орындау аясындағы жұмыстың нәтижесі әрі «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған жүйелі саясаттың бір бөлігі екенін атап өтті.
«Біз қайтарылған активтердің мақсатты пайдаланылуын қатаң бақылауда ұстаймыз, әрбір қайтарылған теңге Қазақстанның дамуына қызмет етуі тиіс. Бұл шаралардың барлығы «Заң мен тәртіп» идеологиясына толық сәйкес келеді», - деді Берік Асылов.
Сондай-ақ биылғы маусым айында Ақмола облысының Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңге болатын ірі спорт кешені пайдалануға берілгені айтылды.
Бас прокурордың айтуынша, жүзеге асырылған бастамалар мемлекетке қайтарылған ресурстардың қоғам игілігіне жұмыс істеп жатқанын, спортты дамытуға және жастарды «Адал азамат» тұжырымдамасы рухында тәрбиелеуге жағдай жасап отырғанын айқын көрсетеді.
Жалпы, аталған қаражат есебінен қазіргі уақытта Ақмола облысында 42 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 14 денсаулық сақтау мекемесі, 26 сумен жабдықтау нысаны және 2 спорт нысаны бар.