Референдум-2026

BaiQymyz фестивалінде 60-тан астам қымыз өндіруші өз өнімдерін ұсынды

11 шілде, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
BaiQymyz фестивалінде 60-тан астам қымыз өндіруші өз өнімдерін ұсынды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгін Астанадағы «Қазанат» ипподромында екі күнге созылатын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фестивальге Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген 60-тан астам қымыз өндіруші, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Ресейдің Якутия Республикасынан келген қатысушылар жиналды.

Келушілер қымыздың әртүрлі түрінен дәм татып, оны дайындау дәстүрімен танысып, үздік өндірушілер анықталатын халықаралық байқауды тамашалай алады.

Фестиваль аясында қонақтарға ұлттық тағамдарды әзірлеуге арналған аспаздық шоулар мен шеберлік сабақтары, «Үздік қазы» байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ атудан жарыстар, сондай-ақ «Қой көтеру», «Жілік сындыру», шөген ойыны, ат үстіндегі квиддич, жауынгерлік жылқылардың көрсетілімі, ER QANATY жылқыларының шеруі және ат үсті өнері шеберлерінің қойылымдары ұсынылады.

Сонымен қатар фестиваль аясында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған «Дәстүр сәні: BaiQymyz-2026» байқауы өтіп жатыр. Оның қорытындысы 12 шілдеде жарияланады.

Бас сахнада Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, Жұбаныш Жексен, Қайрат Баекенов пен Format тобы, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина және басқа да әншілер өнер көрсетеді.

Фестивальге кіру үшін бір күнге немесе екі күнге билет сатып алу қажет. Ал зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін.

Еске сала кетейік, Астанада 11-12 шілде күндері «Қазанат» ипподромында BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі өтіп жатыр. Осыған байланысты тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында бірнеше автобус бағытының қозғалыс сызбасы уақытша өзгертілді.