Астананың «Сарайшық» ауданында түнгі профилактикалық рейд өтті
Астананың «Сарайшық» ауданында түнгі сағат 22:00-ден бастап кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық рейд өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Рейд ойын-сауық орындарында, компьютерлік клубтарда және тұрғындар жиі баратын өзге де қоғамдық орындарда ұйымдастырылды.
Басты міндеттердің бірі – жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген жағдайларын анықтау, сондай-ақ қоғамдық орындарда кальян мен темекі өнімдерін пайдалануға жол бермеу.
Тексеру барысында азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізілді. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданды.
Профилактикалық акцияға мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Рейдке «Сарайшық» ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, полиция басқармасының өкілдері, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары, кинологиялық қызметтің мамандары, «Право» қоғамдық қорының өкілдері, «Балалардың құқықтарын қорғау орталығы» КММ мамандары, сондай-ақ Астана қаласы мәслихатының депутаты жұмылдырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жұмыстың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысын дер кезінде жүргізу және аудан аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
Еске сала кетейік, Астана полициясы қоғамдық орында бетті бүркеуге қатысты талаптарды түсіндірді.