Астанада жылыту маусымы алдында өрт қауіпсіздігі бойынша рейдтер өтіп жатыр
Елорданың Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жылыту маусымы басталар алдында полиция, жергілікті атқарушы органдар, әлеуметтік қызметтер өкілдері және волонтерлермен бірлесіп, Астананың алты ауданында профилактикалық рейдтер өткізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Рейдтер 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы басталар алдындағы өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңі аясында жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу және өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын түсіндіру.
Жылыту пештері мен мұржаларды пайдалану тәртібіне, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын үйлерге улы азға қарсы датчиктер орнатуға ерекше назар аударылып отыр.

«Қазірдің өзінде жылыту маусымына дайындықты бастау қажет: пештер мен мұржаларды тазалап, пештерде жарықшақтар мен басқа да ақаулардың бар-жоғын тексеріп, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою керек. Сондай-ақ электр желілерін тексеру қажет. Әлеуметтік қызметтермен бірлесіп, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын үйлерге улы газ датчиктерін орнатып жатырмыз», – деді Астана ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Түкішев.
ТЖД, аудандық бөлімшелер мен полиция өкілдері алдын ала белгіленген мекенжайлар бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыс аясында әр ауданда 50 үйге дейін қамту жоспарланып отыр.

«Жылыту маусымы басталғанға дейін қатты отынмен жұмыс істейтін пештерді пайдаланатын тұрғындар мұржаларын тазалап, пештердің жарамдылығын тексеруі қажет. Пеште саңылаулар мен басқа да ақаулар болмауы керек. Газ жабдығы орнатылған тұрғындар мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып, техникалық қызмет көрсетуден өткізуі тиіс. Мамандар мұржаның, жабдықтың жағдайын тексеруі керек», – деп атап өтті ТЖД өкілі.
Мамандар электр сымдарының жағдайына да ерекше назар аударып отыр. Көппәтерлі тұрғын үйлерде тұратын азаматтарға электр желілеріне шамадан тыс салмақ түсірмеу және қолданыстағы желі көтере алмайтын көп мөлшердегі электр құрылғысын бір уақытта қоспау ұсынылады.

Сонымен қатар құтқарушылар ата-аналарға кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін еске салады.
Тұрғын үй секторындағы профилактикалық жұмыстар бір ай бойы жалғасады.
Еске салсақ, Астанадағы «Нұра» ауданында жаңа гүлзарлар мен демалыс орындары көбейіп келеді.