Астанада үздік «Жас құтқарушылар» анықталды

Астанада үздік «Жас құтқарушылар» анықталды
Фото: ТЖД

Елордада Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасындағы «Жас құтқарушы» слеті өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдыларын дамыту және құтқарушы мамандығын насихаттау.

Слет барысында қатысушылар Александров арқанымен жұмыс істеу, алғашқы медициналық көмек көрсету, табиғи ортада іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ шартты төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету бойынша өз білімдері мен тәжірибелерін сынады.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды №65 мектеп-гимназиясы иеленсе, ІІ орын №28 мектеп-лицейге, ал ІІІ орын №59 мектеп-гимназиясына бұйырды.

Сонымен қатар, №65 мектеп-гимназиясының «Жас құтқарушылар» командасы Көкшетау қаласында өтетін республикалық слетте Астана намысын қорғайды.

Бұған дейін Астанада бірқатар өңірдің құтқарушылары жаңа көліктердің кілтін алған болатын.