Астанада қандай медициналық нысандар салынады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астанада қандай медициналық нысандар салынатынына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана әкімі берген ақпаратқа сәйкес, келесі жылы бірқатар медициналық нысан құрылысы басталмақ.
«Келесі жылы Сарыарқа ауданына қарасты Көкталда Перинаталдық орталық іске қосылады. Көктемде Көпбейінді аурухана салуды бастаймыз. Бұл қала бойынша төртінші осындай аурухана болады. Мұндай ауруханалардың біреуі Қарағандыға шыға берісте, екіншісі қаланың орталығында орналасқан, үшіншісі - бұрынғы теміржол ауруханасы, төртіншісін Сарыарқа ауданыда тапшылық болғандықтан, сол жерден саламыз. Сосын тағы да екі емхананы саламыз, біреуі орталықта, EXPO-ның қасында. Балаларға арналған Травматология орталығы Нұра ауданында салынады. Айта кетейік, соңғы жылы Астанада республикалық Онкология орталығы ашылды. Сондай-ақ Нұра ауданында Көпбейінді жедел жәрдем ауруханасы ашылды», - деді Жеңіс Қасымбек.