Астанада лицензиясыз ішімдік сатқан дүкен иесіне айыппұл салынды
Астананың «Сарыарқа» ауданында лицензиясыз ішімдік сатқан дүкен иесіне 25 АЕК көлемінде (98 300 теңге) айыппұл салынды. Бұл жағдай «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қаладағы кәсіпкерлік субъектілерін тексеру кезінде анықталып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қаладағы Қарасай батыр көшесіндегі дүкенде алкогольге мас күйдегі адамдардың көп жүретіні туралы тұрғындардан шағым түскен. Тексеру барысында лицензиясыз ішімдік сатылғаны анықталып, 25 АЕК көлемінде айыппұл салынып, заңсыз сатылған алкоголь өнімдері тәркіленіп, протокол толтырылып, дүкен иесіне заң аясында түсіндіру жұмысы жүргізілді.

«Сарыарқа» ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Тастанов осы құқық бұзушылықтың қалай анықталғанын айтып берді.

«Тұрғындар бұл дүкеннің маңында ішімдікке мас болған адамдардың жүргенін айтып, учаскелік полицияға шағымданған. Бүгін алкогольдік өнімдерді сатуға лицензиясының бар-жоғын тексеру мақсатында, осы жерге рейд аясында келдік. Алкогольдік өнімді лицензиясыз сатқаны үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл салынып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Рейдті «Сарыарқа» ауданы әкімдігі, Мемлекеттік кірістер департаментінің «Сарыарқа» ауданы бойынша басқармасы, «Сарыарқа» ауданы прокуратурасы және учаскелік полициямен бірге жүргізіп отырмыз. Мерекенің алдында шағын дәмханалар, дүкендер тексерілетін болады. Рейд жалғасады», - деді ол.
Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімдігінің өкілі кәсіпкерлерді заң аясында жұмыс істеуге шақырды.

«Сарыарқа ауданы прокуратурасы және Мемлекеттік кірістер департаментінің «Сарыарқа» ауданы бойынша басқармасымен бірігіп, бизнес субьектілерін жоспарлы емес тексеру жүргізіп жатырмыз. Тұрғындардан түскен шағым негізінде алкоголь өнімдерін лицензиясыз сату анықталып отыр. Сондай-ақ 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімін сату, белгіленген уақыттан басқа уақытта алкоголь өнімін сатудың жауапкершілікке тартылатыны ескертілді. Осы ретте қаладағы басқа да кәсіпкерлерге аталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз»,- деді ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Хисматуллин.
Айта кетейік, Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты «Сарыарқа» ауданы бойынша басқарманың бас маманы берген ақпаратқа сәйкес, Сарыарқа ауданында лицензиясыз сатылған 46902 бөтелке алкоголь өнімі, яғни 29366 литр тәркіленген. Ал Астана қаласы бойынша 190324 бөтелке, яғни 110610 литр өнім анықталып, кәсіп иелеріне айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылған.