Астанада автобус жолақысы қалай өзгереді

Астанада автобус жолақысы қалай өзгереді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада қоғамдық көлікте жүру ақысын өзгерту ұсынылды. Жаңа тариф бойынша қалалық автобустарда жолақыны электронды тәсілмен төлегенде 150 теңге, ал қолма-қол ақшамен төлегенде 300 теңге болуы мүмкін, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әкімдіктің мәліметінше, қолма-қол ақшасыз төленетін жолақыны қазіргі 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеру 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап ұсынылып отыр.

Әкімдік әзірлеген қаулыға сәйкес, қоғамдық көліктің түрі мен төлем тәсіліне қарай мынадай тарифтер белгілеу көзделген:

– Қалалық автобустар – электронды төлеммен 150 теңге, қолма-қол 300 теңге;

– Жедел қалалық автобустар – электронды төлеммен 300 теңге, қолма-қол 400 теңге;

– Қала маңындағы елдімекендерге қатынайтын автобустарда жолақы жүрілген қашықтыққа қарай есептеледі: электронды төлеммен – әр километрге 13 теңге, қолма-қол ақшамен – 19 теңге.

Жеңілдігі бар көлік картасымен тегін жүру тәртібі сақталады.

Сонымен қатар электронды жолақы төлеу жүйесі істен шыққан жағдайда электронды төлемді пайдаланатын жолаушылар тегін жүре алады.

Жаңа қаулы мемлекеттік тіркеуден өтіп, ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс.

Бұдан бұрын Астанада автобустар қозғалысын кімдер үйлестіретінін жазған едік.