Павлодар облысындағы «Үрлітөбе» фитосанитариялық бақылау бекетінде Ресейден бидай кебегі ретінде көрсетілген бидайды Қазақстанға кіргізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жүк көлігін тексеру барысында АӨК мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясының мамандары ілеспе құжатта көрсетілген мәлімет пен жүктің нақты құрамының сәйкес келмейтінін анықтады. Тексеру нәтижесінде жүк көлігінде кебекпен қатар бидай болғаны белгілі болды.
Бидайды автомобиль көлігімен тасымалдауға қойылатын шектеулерді және ілеспе құжаттағы мәліметтердің нақты жүк құрамына сәйкес келмейтінін ескере отырып, жүкті экспорттаушы елге кері қайтару туралы шешім қабылданды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі карантинге жатқызылған өнімдерді, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында тасымалдау кезінде фитосанитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Еске салсақ, Иран мен Ресейден келген 113 тоннадан астам залалданған өнім кері қайтарылды.