Елордада қоғамдық көлік карталарын Tarlan Astana стансаларында рәсімдеуге болады

Бүгін, 19:03
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада қоғамдық көлік карталарын Tarlan Astana стансаларында рәсімдеуге болады
Фото: City Transportation Systems

17 қазаннан бастап автобуста жүруге арналған атаулы мектеп және жеңілдік көлік карталарын Tarlan Astana стансаларында рәсімдеуге болады. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Осылайша, Орталық кассадан бөлек, көлік картасын рәсімдейтін мамандандырылған кассалар саны артып, елорда тұрғындары үшін қызметтің қолжетімділігі артады.

Аталған кассаларда автобуста және Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінде жолақы төлеуге арналған жеңілдігі бар және мектеп көлік карталарын рәсімдеуге болады.

Атаулы көлік карталарын мына санаттағы азаматтар рәсімдей алады:

• елордадағы оқу орындарында білім алатын 7 мен 18 жас аралығындағы оқушылар;

• Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын, Астана қаласы мәслихаты бекіткен жеңілдік санаттарына жататын азаматтар.

Мектеп көлік картасын рәсімдеу үшін мына құжаттар қажет:

• ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бірінің жеке куәлігінің түпнұсқасы не төлқұжаты;

• баланың ЖСН көрсетілген туу туралы куәлігінің түпнұсқасы;

• Астана қаласындағы оқу орнынан анықтаманың түпнұсқасы;

• өлшемі 3×4 см немесе 4×  см түрлі түсті фотосурет.

Жеңілдік көлік картасын рәсімдеу үшін қажетті құжаттар:

- жеке куәліктің түпнұсқасы немесе төлқұжат;

- зейнеткерлік куәліктің түпнұсқасы;

- өлшемі 3×4 см немесе 4×6 см түрлі түсті фотосурет.

eGov Mobile мобильді қосымшасындағы цифрлық құжаттарды, оның ішінде «Әлеуметтік ID» құжаты да жарамды.

Жеңілдік санатына жататын азаматтар тізімімен CTS сайтында жарияланған жария шарттың қосымшасынан танысуға болады.

Еске сала кетейік, Астанада автобус жолақысы өзгереді.