Тоқаев АӨСШК-нің көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынды

Бүгін, 18:12
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев АӨСШК-нің көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынды
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы АӨСШК VII саммитінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz. 

Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Арменияның бітімге келу процесіне қолдау білдіріп, Оңтүстік Кавказ тәжірибесі көреген көшбасшылықтың нәтижесін айқын көрсеткенін айтты. 

– Ондаған жылдар бойғы қақтығыстардан кейінгі тараптардың ымыраға келуі жаңа перспективаға жол ашып, Шығыс пен Батыс арасында байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Берік саяси ерік-жігері мен зор экономикалық әлеуеті бар АӨСШК ірі трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қоса алады. Сондықтан АӨСШК-нің көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынамын. Бұл Стратегия өңіріміздегі «Бір белдеу, бір жол», Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасын қоса алғанда, негізгі халықаралық көлік бағыттарының әлеуетін зерделеуге мүмкіндік береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда энергетика қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғанын айтты.

– Трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылым қақтығыстардың зардабын жиі тартып отыр. Соның салдарынан әлемдегі энергетика нарығында тұрақсыздық белең алды. Бұл болжаусыз кезең дағдарыс аймағынан тыс елдердің де экономикалық өсімін тежеуде. Дәл осы себепті еліміз серіктестікке ден қойып отыр. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергия жеткізу жөніндегі стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Осылайша, Каспий жасыл энергетикалық дәлізінің негізі қаланды. Бұл елдеріміздің энергетикалық жүйелерін өзара байланыстырып, Қара теңіз арқылы Еуропа нарықтарына шығуға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Әзербайжанмен бірлесіп, Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдаудың көлемін арттыру жөніндегі жоспары туралы айтты.

– Каспий теңізі өңіріміздің ғана емес, әлемнің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие болып отыр. Қазақстан Каспий өңірдегі және одан тысқары мемлекеттердің ортақ игілігі үшін әрқашан бейбітшілік пен ынтымақтастық кеңістігі болуы керек деп санайды. Бұл ретте су ресурстары мен экология саласындағы бірлескен күш-жігер арқылы оны сақтап қалу өте өзекті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы АӨСШК қызметіндегі экологиялық бағыттың маңызы арта түскенін атап өтті. Оның пікірінше, су ресурстарының тапшылығы мен экожүйенің тозуы Азиядағы ең күрделі сын-қатердің біріне айналды.

– Азия мен Тынық мұхиты аймағында дүние жүзі халқының 60 пайызы мекендейді. Алайда бұл өңір әлемдік су қорының 35 пайызына ғана иелік етеді. Сәйкесінше, өңірдің су ресурстарымен қамтылуы жан басына шаққанда әлем бойынша төменгі орында. Қазақстан су ресурстары алдағы уақытта да ынтымақтастықтың көзі болуы керек деп санайды. Осыған орай технология алмасу, бірлесіп зерттеу және су үнемдейтін шешімдерді ілгерілету мақсатында АӨСШК су ресурстары серіктестігін құруды ұсынамын. Бұл ретте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде су ресурстарына қатысты жаһандық күн тәртібін жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ететін Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Аталған ұсынысты АӨСШК мүше мемлекеттерінің қосылуына мүмкіндік бере отырып, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан бірлесе ілгерілетуіне болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, бұл бастамалар инвестиция мен адам капиталы болмаса түбегейлі нәтиже бермейді.

– Бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын ұлы философ әрі ғалым әл-Фараби қоғамның қуаты оның халқының білімі мен адамгершілік қасиеттерінде екенін айтқан. Сондықтан Ұйымға мүше мемлекеттерді АӨСШК-нің адами капитал саласындағы әріптестік орнатуға шақырамын. Мақсат – жас ұрпақты технологиялық, экономикалық және геосаяси жаңғырулар екпінімен сәт сайын өзгеріп жатқан әлемге бейімдеу. Біз осы маңызды мәселені шешуге үлес қосу үшін сарапшылық тәжірибемізді, маңдайалды университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының әлеуетін ұсынуға дайынбыз. Келесі жылы қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласындағы ғылыми зерттеуге арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылуы ықтимал. Қазақстан Ұйымға мүше 28 мемлекеттің студенттеріне шәкіртақы ұсынуға, сондай-ақ ғалымдарға зерттеу гранттарын беруге әзір, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сөз соңында Әзербайжанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығын табысты жалғастыруына тілектес екенін жеткізді. Сондай-ақ бүгін қабылданған Баку декларациясы алдағы жұмысқа берік негіз қалайтынына сенім білдірді.