Астанада NEET санатындағы жастарды қолдауға бағытталған «Астана Жас жігер» жобасы үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. «Заң мен тәртіп» аясында жоба бойынша бүгін 8 жастар командасының қатысуымен футбол турнирі өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Астана Жас жігер» бастамасы білім алумен және еңбек қызметімен қамтылмаған жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеуге, олардың әлеуетін ашуға және елорданың қоғамдық өміріне белсенді араласуына жағдай жасауға бағытталған.
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты жастарды ортақ алаңға біріктіріп, олардың әлеуметтенуіне ықпал ету.
«Бүгінде елордада 500 мыңға жуық жастар санатындағы тұрғындар бар. Олардың қатарында шығармашылықпен айналысатын, спортты серік еткен және ғылымға қызығатын жастар көп. Біз осы жолы елорда базарларында еңбек ететін жастарды біріктірдік. Мұндай жобалар арқылы жастардың өзара байланысын нығайтып, олардың құқықтық, қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға болады», – деді Самат Ибраев.

Алдағы уақытта спорт бағыты бойынша футболдан бөлек, волейбол, үстел теннисі, қол күресі, шахмат және басқа да спорт түрлерінен жарыстар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар заңгерлер мен психологтердің қатысуымен кеңес беру кездесулері, білім беру дәрістері және ашық диалогтар ұйымдастырылады.
Самат Ибраевтың айтуынша, елордада 20-дан астам базар жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында спорт командалары бар. Жастардың басым бөлігі футболмен айналысады. Жоба осы командалардың басын қосып, ортақ қызығушылық арқылы байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
«Біз бұл жобаны Астанада бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келеміз. Әр базар өз футбол командасын жасақтап, жарысқа қатысады. Командалар өз ұжымының атынан өнер көрсетіп, арнайы спорт киімімен шығады. Турнир алдында ұйымдастыру комитетімен бірлесіп, командалармен келіссөздер жүргізіп, жеребе тарту рәсімін өткіземіз. Бүгін ресми түрде тіркелген командалар алаңға шықты. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар бағалы сыйлықтармен және жүлделермен марапатталды», – деді басқарма басшысы.
Жоба аясында жастардың қоғамдық белсенділігін арттырумен қатар, мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды ілгерілетуге де басымдық беріледі. Атап айтқанда, «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттарын жастар арасында кеңінен насихаттау көзделген.





