Астананың орталығында ұзындығы 1,4 шақырым болатын мұз жолы ашылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Урбанистика орталығына сілтеме жасап.
Abu Dhabi Plaza кешенінің жанындағы Сызықтық саябақта жаңа қысқы демалыс орны - ASTANA WINTER PARK ашу жоспарланып отыр. Бұл жай ғана дәстүрлі мұз айдыны емес, ұзындығы 1,4 шақырымға созылатын, бір-бірімен байланысқан тұтас мұз жолдарының жүйесі болмақ. Мұз жамылғысының жалпы ауданы шамамен 6 000 м².
Жоба Еуропа қалаларындағы мұз саябақтарының тәжірибесіне негізделген. Мұнда келушілер коньки теуіп қана қоймай, мұз жолдарымен серуендей алады.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жылы павильондар, конькиді жалға беру орындары, отбасылық демалыс аймақтары, мерекелік жарықтандыру және жаңа жылдық безендірулер қарастырылған.
Еске сала кетсек, елордада конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.