Астанада 1 шілдеден бастап кезекті оқу жылына балабақша топтарын жасақтау басталады
1 шілдеден бастап Астана қаласында 2026-2027 оқу жылына мектепке дейінгі ұйымдарға топтарды жинақтау басталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Балаларды қабылдау Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрығымен бекітілген алгоритмге сәйкес жүзеге асырылады.
Биыл 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар үшін мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда шамамен 15 мың бос орын көзделген.
Балабақша топтарын жинақтауға қатысты Астана қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева ата-аналарға бірқатар кеңес берді.
Ата-аналар нені білуі қажет
Астана қаласының Білім басқармасы ата-аналарға орын бөлудің басталуына алдын ала дайын болуға кеңес береді. Ол үшін алдымен ED24.kz мобильді қосымшасын жүктеп, авторизациядан өтіп алыңыз. «INDIGO – электронды балабақша» жүйесіндегі жеке кабинетке қолжетімділікті тексеру, яғни логин мен құпиясөздің өзекті екеніне көз жеткізу қажет. Өтініштің белсенді екеніне, мұрағатқа түспегеніне, мерзімі өтіп кетпегеніне немесе «стоп-лист» статусында еместігіне көз жеткізу маңызды.
Сондай-ақ алдын-ала бірнеше мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды міндетті түрде таңдауларыңыз қажет. Толық нұсқаулықтар Астана қаласы Білім басқармасының bilim.astana.kz ресми сайтындағы «Қызметі → Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» бөлімінде және Indigo24.kz порталындағы «Пайдалы ақпарат» бөлімінде орналастырылған.
Орындар қалай бөлінеді
Алгоритмге сәйкес, бос орындар ең алдымен күту парағында тұрған балаларға бөлінеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік балабақшаларда күту парақтары толық қалыптастырылған.
Балабақшада бос орын пайда болған жағдайда жүйе кезектегі бірінші адамға автоматты түрде хабарлама жібереді. Егер бір күнтізбелік күн ішінде жауап берілмесе, оның өтініші күту парағынан алынып тасталып, хабарлама кезектегі келесі қызмет алушыға жолданады.
Өтініш белсенді болған жағдайда барлық хабарламалар ED24.kz мобильді қосымшасына және «INDIGO – электронды балабақша» жүйесіндегі жеке кабинетке түседі.
Ваучер алу тәртібі
Ақпараттық жүйе ваучерді кезектегі бірінші өтініш берушіге автоматты түрде береді. Хабарлама алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде ваучерді пайдалануға келісімін растау не одан бас тарту қажет.
Бас тартқан жағдайда кезек жойылады. Белгіленген мерзімде жауап берілмесе, өтініш белсенді емес күйге ауысады және 28 күнтізбелік күн бойы ваучер алуға қатыстырылмайды.
Қандай құжаттар қажет
Баланы балабақшаға қабылдау үшін алдын ала келесі құжаттарды дайындау қажет: 3×4 көлеміндегі фотосурет; №065/у нысанындағы профилактикалық екпе картасы; №052-2/у нысанындағы «Баланың денсаулық паспорты»; №027/у нысанындағы медициналық анықтама.
Медициналық құжаттар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына сәйкес ресімделуі тиіс.
Ваучерлер автоматты түрде беріледі
Білім басқармасы ваучерлер ақпараттық жүйе арқылы толықтай автоматты түрде берілетінін ескертеді. Білім басқармасы да, мектепке дейінгі ұйымдар да ваучерді беру кезектілігіне әсер ете алмайды. Сондықтан ата-аналарға кезек тәртібіне сәйкес ваучерді күту қажет.
Ваучер берілгені туралы хабарлама ED24.kz мобильді қосымшасына және «INDIGO – электронды балабақша» жүйесіндегі жеке кабинетке жолданатын болады.
Кеңес алу орындары
Барлық сұрақтар бойынша ата-аналар мен баланың заңды өкілдері барлық мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың консультациялық пункттеріне жүгіне алады.
Мамандардың байланыс деректері bilim.astana.kz ресми сайтындағы «Қызметі → Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» бөлімінде және Indigo24.kz порталындағы «Пайдалы ақпарат» бөлімінде қолжетімді.
Сонымен қатар Астана қаласы Білім басқармасының Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімі дүйсенбі-жұма күндері сағат 07:30-ден 17:00-ге дейін (түскі үзіліс 12:00-13:30) кеңес береді. Анықтама телефондары: 8 (7172) 55-68-64, 55-72-49, 55-74-36, 55-68-74.