Астана қаласының бас имамы тағайындалды

Бүгін, 15:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана қаласының бас имамы тағайындалды
Фото: ҚМДБ

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Нұрбек Есмағанбет Астана қаласының бас имамы болып тағайындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас мүфти бұйрығын наиб мүфти Сансызбай Шоқанов жамағатқа оқып беріп, осыған дейін Астана қаласының бас имамы қызметін атқарған Ерболат Жүсіповке Наурызбай қажы Тағанұлының игі тілегі мен ілтипатын жеткізді.

Сонымен қатар Бас мүфти бұйрығымен Ерболат Жүсіпов ҚМДБ «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Айта кетсек, Нұрбек Есмағанбет осыған дейін ҚМДБ «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Нұрбек Әуесханұлы Есмағанбет

Білімі:

1997 жылы Алматы қаласындағы Ислам институтын тәмамдаған.

2013 жылы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің магистратурасын бітірген.

2023 жылдан бастап Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты.

Еңбек жолы:

1997-2007 жылдары Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы «Құнанбай қажы» мешітінің бас имамы;

2007-2009 жылдары Алматы орталық мешітінің наиб имамы;

2009-2012 жылдары ҚМДБ-ның Атырау облысының бас имамы;

2012-2013 жылдары ҚМДБ-ның «Зекет» қорының атқарушы директоры;

2013-2018 жылдары Алматы қаласының бас имамы;

2018-2022 жылдары ҚМДБ «Дін істері және талдау» бөлімінің меңгерушісі;

2022-2023 жылдары ҚМДБ «Қоғаммен байланыс» бөлімінің меңгерушісі;

2022 жылдың ақпан айынан бастап ҚМДБ жанындағы «Ақсақалдар кеңесінің» хатшысы.

2022 жылдың наурыз айынан бастап ҚМДБ жанындағы «Сарапшылар кеңесінің» хатшысы.

2023 жылдың 21 қыркүйегінен бастап ҚМДБ «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Марапаттары:

2005 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы әкімінің «Құрмет грамотасымен», 2007 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» және осы жылы Қарқаралы ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Сонымен қатар 2011 жылы Атырау облысының әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.

Сондай ақ «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалімен;

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен;

2015 ж. «Ерен еңбегі үшін» медалімен;

2018 ж. Алматы қаласы әкімінің «Алғыс хатымен»;

2020 жылы «ҚМДБ 30 жыл» мерекелік медалімен;

2025 жылы «ҚМДБ 35 жыл» мерекелік медалімен;

2025 жылы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

Отбасылы. Жұбайы, 8 перзенті бар.

Еске сала кетейік, ҚМДБ Құрбан айт намазының кестесін жариялады. Сондай-ақ Астанада құрбандық шалу рәсімі өтетін орындар белгіленді. ҚМДБ мал сою барысында сақталуы тиіс негізгі қағидаларды атады.