Астана прокуратурасы инвесторларды құқықтық қолдау тетіктерімен таныстырды
Астанадағы «Invest Caravan»: инвесторларға құқықтарын қорғау тетіктері түсіндірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
«Invest Caravan» акциясы аясында Астана қаласының Есіл ауданының прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп аудан аумағында іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға көшпелі бару ұйымдастырды.
Қаралған инвестициялық нысандардың қатарында жалпы инвестиция көлемі 9 млрд теңгеден асатын International Community Schools Ltd жекеменшік мектебінің құрылысы, «Международные школы сообщество Казахстана» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба, «ДУВС Мерей» ЖШС-нің балабақша және білім беру орталығының құрылысы, сондай-ақ ауданның өзге де инвестициялық жобалары бар.
Кездесу барысында инвесторларға инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеу тетіктері, оның ішінде инвесторларды прокуратура органдарының келісімінсіз әкімшілік рәсімдерге негізсіз тартудың және шектеу шараларын қолданудың алдын алуға бағытталған «прокурорлық сүзгі» тетігі түсіндірілді.
Астана қаласының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге немесе құқықтарының бұзылуына тап болған инвесторларды +7 (747) 216-15-58 телефоны немесе 115 Call-орталығына хабарласуға шақырады.