Астана мен Шымкентте болашақ сержанттар Әскери ант қабылдады

Астана мен Шымкентте болашақ сержанттар Әскери ант қабылдады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы және Шымкенттегі Сабыр Рақымов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледждерінде 200-ден астам кадет салтанатты түрде Әскери ант қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Болашақ сержанттарды Қорғаныс министрлігі мен әскери оқу орындарының басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, сондай-ақ кадеттердің ата-аналары мен жақындары құттықтады.

Елордадағы іс-шара Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің бюстіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұдан кейін кадеттер елдің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғауға, Конституцияны сақтауға, Отан алдындағы борышы мен әскери жарғылар талаптарын адал орындауға ант берді.

Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж кадеттерін құттықтады.

– Бүгін сендер Отан қорғаушысы мамандығына бастайтын маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери ант – жай ғана салтанатты сөз емес, әрқайсыңның Отан, отбасы және жолдастарыңның алдындағы жеке жауапкершіліктерің. Білімді меңгеруде мақсат қойып, дағдыларыңды үнемі жетілдіріп, таңдаған әскери мамандықтарыңды толық игеруге ұмтылыңдар, – деді ол.

Ата-аналар комитетінің атынан кадет Қалижан Темірғалидың әкесі, қоғам қайраткері Абзал Құспан сөз сөйлеп, әскери колледжде алған білім мен тәрбие кадеттердің алдағы өмірі мен кәсіби жолына негіз болатынына сенім білдірді.

Ал 1-оқу ротасының кадеті Ақылжан Әкім Әскери ант қабылдаудың жауапкершілігі туралы айтты.

– Бүгін Отанға адал болуға ант бердік және бұдан былай өз іс-әрекетімізге, біліміміз бен дайындығымызға үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсінеміз. Әскери колледждің дәстүрлерін лайықты жалғастырып, ата-аналарымыз бен тәлімгерлеріміздің сенімін ақтауға бар күшімізді саламыз, – деді кадет.

Шымкентте Сабыр Рақымов атындағы әскери колледждің бастығы подполковник Талғат Әлімов кадеттерді құттықтап, әскери қызметшінің қалыптасуында және Отан алдындағы борышты орындауда Әскери анттың маңызына тоқталды.

Салтанатты іс-шара «Ұрпақтар сабақтастығы» рәсімімен жалғасты. Колледж тәрбиеленушілері «Сержанттардың ар-намыс кодексін» орындағаннан кейін Қарулы күштердің бас сержанты, шебер-сержант Темірбек Халықов өзінің әскери беретін кадет Рамазан Мұхтарұлына табыстады. Бұл рәсім әскери дәстүрлер сабақтастығын білдіреді.

Іс-шара жеке құрамның салтанатты маршымен аяқталды. Одан кейін ата-аналар әскери колледжді аралап, кадеттердің білім алу жағдайымен, тұрғын жайларымен, күнделікті тұрмыс-тіршілігі және бос уақытын ұйымдастыру тәртібімен танысты.

Бұдан бұрын Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде 40-қа жуық егіздер Отан алдындағы борышын өтеп жүргенін жазған едік.